Дастан Сәтпаев қашан 90 минут ойнауға дайын болады
АСТАНА. KAZINFORM – Ағылшындық «Бернли» клубының бас бапкері Ники Хайен қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың жарақаттан кейінгі жағдайы мен алаңға толық оралу жоспары туралы айтты, деп хабарлайды INFORMSPORTS.
18 жастағы қазақстандық футболшы санның артқы бұлшықетінен алған жарақатынан кейін біртіндеп ойын бабына келіп жатыр.
Сәтпаев «Уотфордқа» қарсы кездесуде алаңға қосалқы құрамнан шығып, 20 минут ойнады. Кейін футболшының трансферлік құқығына ие лондондық «Челси» клубы оның «Чарльтонға» қарсы матчқа қатысуына рұқсат бермеді.
Ал «Вулверхэмптонмен» өткен кездесуде қазақстандық шабуылшы шамамен 30 минут ойнады. Бұл матчта «Бернли» 1:2 есебімен жеңіліс тапты.
Ники Хайен Сәтпаевтың команда үшін маңызды ойыншы екенін атап өтті.
«Дастан жарақат алды. «Вулверхэмптонға» қарсы кездесуде ол 30 минут ойнай алды. Оның жылдамдығы жоғары, қарқыны жақсы, энергиясы мол және жеке шеберлігі ерекше. Сондықтан ол біздің команда үшін өте маңызды футболшы», – деді Хайен Burnley Express басылымына.
Бас бапкер қазақстандық шабуылшының алдағы уақытта ойын уақытын кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Ол енді 30 минуттан көбірек ойнай алады деп үміттенемін. Алдымен 45 минут, кейін 60 минут ойнайды. Содан соң толық 90 минут өткізуге дайын болады деп ойлаймын», – деді маман.
Хайеннің айтуынша, соңғы кездесуде Сәтпаевқа ойынға бірден араласып кету оңай болмаған. Әсіресе команда жеңіліп жатқан сәтте қысым күшейіп, футболшының өз мүмкіндігін толық көрсетуі қиындай түседі.
Соған қарамастан, «Бернли» бапкері жас қазақстандықтың әлеуетіне сенім білдіріп, оның алдағы матчтарда өз шеберлігін көрсететініне күмән келтірмейтінін айтты.
«Бернли» келесі кездесуін сырт алаңда «Линкольн Ситиге» қарсы өткізеді. Бұл матчта Дастан Сәтпаевтың алаңдағы уақыты ұлғаюы мүмкін. Алайда әзірге қазақстандық шабуылшы толық 90 минут ойнауға дайын емес.
Айта кетелік «Бернли» бапкері Дастан Сәтпаевқа қатысты «Челсидің» шешіміне наразылық білдірген еді.