Британдық компаниялардың Алматыда өз қызметтерін кеңейтуге мүмкіндіктері жетерлік - А. Есімов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Ұлыбритания Премьер-Министрінің Қазақстан, Әзербайжан және Түркіменстан бойынша Сауда елшісі, ел Парламентінің қауымдар Палатасының мүшесі Чарльз Хендриді қабылдады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлімдеді.
None
None

Кездесу барысында қала басшысы Алматының Қазақстанның қаржылық, ғылыми және туристік орталығы екендігін айта келе, қаланың өзара тиімді ынтымақтастыққа қашанда дайын екендігін жеткізді. Сонымен қатар, Ахметжан Есімов пен Чарльз Хендри Алматы қаласы мен Ұлыбритания арасында әріптестікті кеңейтіп, ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жаңа бағыттарын белгіледі. Алматы қаласының Ұлыбританиямен арадағы ынтымақтастығы белсенді түрде жүзеге асып жатқандығын айта кеткен жөн. Қазіргі таңда мегаполисте 300 бірлескен кәсіпорын және британдық капиталдың қатысуымен 92 кәсіпорын жұмыс істейді. Қала басшысы өз сөзінде Алматының бірқатар басымды жобаларын жүзеге асыруға британдық компаниялардың да қатыса алатындығын атап өтті. «Британдық компаниялардың Алматыда өз қызметтерін кеңейтуге мүмкіндіктері жетерлік. Біз, аумағы 500 гектар болатын жерге Индустрияландыру аймағын құрып жатырмыз. Бұл аймаққа қазір коммуникация тартылуда. Оған отандық және шет елдік компаниялар қызығушылық танытып жатыр. Одан басқа, Алматыда қазір «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймақ жұмыс істеуде. Жақын уақытта оның аумағы екі есеге дейін кеңейтіледі» - деді А. Есімов. Өз кезегінде британдық делегацияның басшысы Алматы қаласымен ынтымақтастық орнатуға және бірқатар жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді. «Сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуда Алматы қаласы мен Ұлыбританияның әлеуеті өте жоғары. Біз ғылым және білім, көлік, жол, туризм және басқа да салаларда тәжірибе алмасуға мүдделіміз» - деді Чарльз Хендри.

Соңғы жаңалықтар