Британдық құқық Қазақстанда 100 жыл бұрын болған - Саясат Нұрбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры Саясат Нұрбек, Қазақстанда британдық құқықты қолдану жайттарына тоқтала келе қызықты деректер келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында болған сарапшылар отырысында Ақмола өңірінде 1914 пен 1920 жылдар аралығында өмір сүрген және ағылшын құқығы бойынша тіркелген шахтада жұмыс істеген британдық инженер Джон Уилфорд Уорделдің «Қырғыз даласында» атты кітабы туралы айтып берді.

«Британдық инженер осында тұрған. 1915 жылдың 17 тамызында оның баласы дүниеге келеді. Кейін ол әскери ұшқыш болып кетеді. Ең қызығы ол жұмыс істеген шахта британдық құқық бойынша тіркелген екен. Мен қызық үшін сол компанияның акцияларын да тауып алдым. Спасскте концессия арқылы жұмыс істеп келген британдық кәсіпорындар өте көп болған. Осында британдықтар тұрды. Бірақ көп ұзамай Кеңес Үкіметі олардың бизнесін тартып алды, оларға «ақтармен» бірге Қиыр Шығысқа және Жапонияға қашуға тура келді», - деді Саясат Нұрбек.

Уилфорд өз кітабында Ақмола өңірінде өткізген сол бір шақтарды жазып қалдырады, тіпті оны фотосуреттермен бірге жариялаған. Саясат Нұрбектің сөзіне қарағанда, аталған британиялық инженер Қазақстанда бұрын халықаралық құқық сәтті қызмет еткенін дәлелдейді.

«Біздің аумақта 100 жыл бұрын халықаралық құқық үлкен тарихи оқиғаларға қарамастан, еш алаңсыз жұмыс істеп тұрды. Джонның жанұясы жергілікті адамдармен емін-еркін араласты. Олардың қазақ достары болды, ол солармен бірге аңға шығып отырған. Оның есінде Қазақстан туралы өте жылы естеліктер қалыпты. Ол былай жазады: «Мен бұл кітапті өз балаларыма, олар қандай керемет жерде дүниеге келгендерін, өсіп-өнгендерін біліп жүрсін деген оймен жаздым».

Сарапшының пікірінше, Қазақстанда британдық бизнес туралы құжаттардың көп көлемі сақталған.

«Ақмола XIX ғасырда сауда жүйесі қалыптасқан, ірі сауда қаласы, салықсыз аймақ болып келді. Ол жәрмеңке шаһары болды. Қараөткел жәрмеңкесінің өзі дәлел. Ақмола аумағында қызмет еткен компаниялар мен саудагерлер салықтан, баждан босатылған. Ақмола облысында тіркелген саудагерлер еш куәліксіз саудасын дөңгелете беретін болған. Осылайша Ақмола сауда хабына тез-ақ айналып шыға келді», - деп атап өтті С. Нұрбек.

«Осы құжаттарды ақтара отырып, мен британдық құқыққа негізделетін, қаржы хабі және операциялары бар «Астана» халықаралық қаржы орталығының тарихи негізі барына көзім жете бастады», - деп түйді сөзін ол.

Еске сала кетейік, Ұлт жоспарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада инвестициялық мәселелерді шешетін халықаралық арбитраж орталығын құруды тапсырған болатын. Тек ағылшын тілінде іс жүргізетін қаржылық сотта англосаксондық құқық жүйесі қолданылады. Бұның алдында, С. Нұрбек Астанадағы халықаралық сотта тек британдық судьялар жұмыс істейтіндігін хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар