Британия міндетті цифрлық жеке куәліктен бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания үкіметі цифрлық жеке куәлікті жұмысқа орналасудың міндетті шарты ету жоспарын қайта қарап, одан бас тартты. Енді бұл бастама ерікті негізде іске асырылады, ал қызметкерлер еңбек ету құқығын өзге де құжаттар арқылы растай алады.

Британия отказывается от обязательного цифрового удостоверения личности
Фото: Labour Together

Яғни, 2025 жылғы қыркүйекте ел премьер-министрі Кир Стармер жариялаған саясат қайта қаралып жатыр. Ол кезде үкімет басшысы цифрлық жеке куәлік заңсыз көші-қонмен күрестегі негізгі құралға айналып, барлық жұмыс істейтін азаматтар үшін міндетті болады деп мәлімдеген еді.

Алайда қазіргі таңда үкімет ұстанымын өзгертті. The Times газетінің жазуынша, министрлер бастаманың міндетті сипаты қоғамның қолдауын әлсірететінін мойындаған.

BBC дерегіне сәйкес, қыркүйектегі мәлімдемеден кейін цифрлық жеке куәліктерді қолдау деңгейі 50 пайыздан төмендеп, халықтың үштен біріне де жетпеген. Сонымен қатар үш миллионға жуық адам парламенттік петицияға қол қойып, бастамаға қарсылық білдірген.

Міндетті форматқа сын тек қоғам тарапынан ғана емес, биліктегі Лейбористік партия ішінен де айтылды. Financial Times мәліметінше, партия депутаттары үкіметке қатаң модель қоғамдық консенсусқа қол жеткізуді қиындататынын ескерткен.

Бағыттың өзгеруі лейбористер билікке келгеннен кейінгі бірқатар саяси шегіністің жалғасы болды. Бұған дейін үкімет әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін реформалау, қыстағы жылу төлемдерін қысқарту және фермерлерге арналған мұрагерлік салық мәселелері бойынша да бастапқы ұстанымдарын жұмсартқан.

Сонымен қатар BBC хабарлағандай, мұндай шешімдер кейбір депутаттардың наразылығын туғызған. Олар кейіннен күн тәртібінен алынып тасталатын бастамаларды көпшілік алдында қорғаудың қаншалықты орынды екеніне күмән келтіре бастаған.

Жаңартылған жоспарға сәйкес, 2029 жылға қарай жұмыс істеу құқығын тексеру толықтай цифрлық форматқа көшіріледі. Алайда цифрлық жеке куәлік жүйесіне тіркелу міндетті болмайды.

Азаматтар өз мәртебесін биометриялық паспорт, электронды виза немесе Ішкі істер министрлігінің дерекқорларымен сәйкестендірілетін коммерциялық верификация сервистері арқылы растай алады.

Сонымен бірге үкімет цифрлық тексерулерден толық бас тартпайтынын атап өтті. The Times келтірген үкімет өкілінің айтуынша, қазіргі қағазға негізделген жүйе бытыраңқы және кейде тексерудің өзі жүргізілгенін дәлелдеуге мүмкіндік бермейді, бұл алаяқтыққа жол ашады.

Билік енді басты екпінді заңсыз көші-қонмен күрестен азаматтар үшін ыңғайлылықты арттыру мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті жеңілдетуге көшіруді көздеп отыр. Үкімет өкілінің сөзінше, цифрлық жеке куәлік күнделікті өмірді жеңілдетіп, қызметтерді неғұрлым үйлесімді әрі тиімді етуге тиіс.

Жаңартылған тетіктің егжей-тегжейі жақын уақытта басталуы тиіс қоғамдық консультациялар аясында ұсынылады.

Айта кетейік, Ұлыбритания мен ЕО арасындағы теміржол қатынасы уақытша тоқтады.

Соңғы жаңалықтар