Брижит Бардоның жеке заттары Парижде аукционға шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Француз актрисасы әрі әншісі Брижит Бардоның жеке заттары, оның ішінде Repetto балет туфлиі, гитаралары, әшекей бұйымдары мен Olivetti баспа машинкасы Парижде аукционға шығарылды, деп хабарлайды Мillon.com.
Француздың Millon аукцион үйі Париждегі Hôtel Drouot ғимаратында Брижит Бардоның Сен-Тропедегі және Париждегі үйлерінен алынған 285 затты саудаға қойды. Аукцион актрисаның өмірінің әр кезеңін – кино жұлдызы ретінде танылған шағынан бастап, би мен музыкаға деген қызығушылығын, жеке өмірін, үйлері мен жануарларды қорғау қызметін қамтиды.
Аукциондағы ерекше заттардың қатарында Брижит Бардоның Repetto балет туфлилері бар. Сондай-ақ қара түсті Repetto балет костюмі, гитаралар, оның Olivetti Lettera 22 баспа машинкасы, фотосуреттер, портреттер мен әшекей бұйымдар саудаға қойылған.
Аукционда Брижит Бардоның Сен-Тропедегі La Madrague үйінен алынған заттар да бар. Олардың арасында актрисаның шығармашылық жолы мен жеке өміріне қатысты бұйымдар мен естелік заттар кездеседі.
Брижит Бардо 1950 жылдары халықаралық кино жұлдызына айналды. Әсіресе «Құдай әйелді жаратты» фильмінен кейін әлемге кеңінен танылды.
Еске сала кетсек, актриса 2025 жылғы 28 желтоқсанда 91 жасында қайтыс болды.
Сондай-ақ Диана ханшайымның көйлегі бір миллионнан астам долларға сатылғанын жаздық.