Бірқатар әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау қағидаларына өзгерістер енгізілді

  АСТАНА. KAZINFORM – Бала туғанда берілетін мемлекеттік жәрдемақы, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, наградталған анаға берілетін жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Бірқатар әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау қағидаларына өзгерістер енгізілді
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Өзгерістер қандай мемлекеттік жәрдемақыларға қатысты:

- бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;

- бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;

- бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде 18 жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (23 жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;

- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.

- Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

- Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы.

Жәрдемақылар тағайындалады:

- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы;

- egov.kz электрондық үкімет веб-порталы арқылы;

- ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы (қызмет алушының ұялы байланыс абоненттік құрылғысының телефон нөмірі электрондық үкімет веб-порталында тіркелген жағдайда);

- екінші деңгейлі банктердің ақпараттандыру объектілері арқылы.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі:

- Мемлекеттік корпорацияға жүгінген сәттен, құжаттарды тіркеген сәттен бастап – 7 жұмыс күні;

- Порталға, екінші деңгейлі банктердің ақпараттандыру объектілеріне немесе проактивті қызметке жүгінген сәттен кейін – 4 жұмыс күні.

- Мемлекеттік корпорацияға құжаттарды тапсыру үшін күту уақытының ең ұзақ рұқсат етілген мерзімі – 15 минут;

- Мемлекеттік корпорацияда қызмет көрсету уақытының ең ұзақ рұқсат етілген мерзімі – 20 минут.

Құжат 2025 жылғы 16 маусымда күшіне енеді, бұйрықпен толығырақ сілтемеге өтіп танысуға болады. 

Айта кетейік, биыл бала туу мен бала күтіміне байланысты шамамен 300 млрд теңге жәрдемақы төленді

Соңғы жаңалықтар