Бірқатар автожолдарда қозғалыс ашылып, кей учаскелерде шектеу енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – 15 желтоқсан күні ауа райы жағдайына байланысты еліміздің бірнеше өңіріндегі республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалыс режимі өзгерді.
Ақтөбе облысында «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының 835-971 шақырым аралығында, яғни Хромтау қаласынан Қарабұтақ ауылына дейінгі учаскеде жеңіл автокөліктер үшін қозғалыс қайта ашылды.
Сонымен қатар сағат 11:30-дан бастап республикалық маңызы бар келесі автожол учаскелерінде барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа рұқсат берілді.
Қарағанды облысында «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 592-750 шақырым аралығы, Балқаш қаласынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы ашылды.
Жамбыл облысында осы автожолдың 2005-2152 шақырым аралығында, Қарағанды облысының шекарасынан Бурылбайтал ауылына дейінгі учаскеде де барлық көлік түрлерінің қозғалысы қалпына келтірілді.
Алайда бірқатар өңірде қолайсыз ауа райына байланысты қозғалысқа уақытша шектеулер енгізілді.
Қарағанды облысында 15 желтоқсан сағат 11:30-дан бастап «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының 788-906 шақырым аралығында, Ұлытау облысының шекарасынан Топар елді мекеніне дейінгі учаскеде барлық көлік түрлерінің қозғалысы шектелді. Аталған жолды сағат 20:00-де ашу жоспарланып отыр.
Сол сияқты Ұлытау облысында дәл осы автожолдың 756-788 шақырым аралығында, Жаңаарқа елді мекенінен Қарағанды облысының шекарасына дейінгі бөлігінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс уақытша тоқтатылды. Бұл учаскеде де жолды 15 желтоқсан сағат 20:00-де ашу көзделген.
Жүргізушілер мен жолаушылар жол жағдайына қатысты өзекті ақпаратты тәулік бойы 1403 байланыс орталығы арқылы ала алады.
Бұған дейін Жетісу және Абай облыстарында республикалық маңызы бар жолдар жабылғаны хабарланған болатын.