Бірқатар елде Kazakh Invest компаниясының шетелдік өкілдіктері ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – «Бәйтерек» Холдингі маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздеп-табуға проактивті түрде кірісіп кетті. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.
- Экономиканың өсуі мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға инвестициялардың көлемі тікелей әсер ететіні анық. Былтыр Инвестициялық штаб жалпы құны 115 млрд доллар болатын 212 жоба бойынша проблемалық мәселелерді реттеп, алдағы жылдары елімізге келетін инвестиция көлемін ұлғайтуға жағдай жасады. Тікелей шетелдік инвестициялар 9 ай ішінде 1,5 млрд долларға немесе 10,9%-ға өсіп, 14,9 млрд долларды құрады. Бұл ретте портфельдік инвестициялар мен несиелік қаражаттарды есепке алғанда, экономикаға тартылған шетелдік инвестициялардың көлемі 58 млрд доллардан асты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13%-ға артып, 22,7 трлн теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік инвестициялар 800 млрд теңгеге, ал жекеменшік инвестициялар 2,4 трлн теңгеге ұлғайды, - деді О. Бектенов.
Оның айтуынша, дегенмен айқындалған ауқымды міндеттерді іске асыру үшін бұл – жеткіліксіз. Сондықтан инвесторларды тарту жүйесі күшейтілді. Жобаларға бастапқы кезеңнен аяғына дейін қолдау көрсетіліп, әр инвесторға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша қолайлы жағдай жасалады. «Бәйтерек» Холдингі Қазақстанда маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздеп-табуға проактивті түрде кірісіп кетті.
- Мемлекет басшысының Жарлығымен инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас прокурорға жүктелді. Прокурорлық қадағалау инвесторларды құқықтық қолдау шараларын күшейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар инвестицияларды тартудың сыртқы контурын нығайту мақсатында инвестициялық әлеуеті жоғары елдерде Kazakh Invest компаниясының шетелдік өкілдіктері ашылатын болады. Президенттің бастамасымен құрылып жатқан Алатау Сити инвестиция тартудың жаңа орталығына айналуға тиіс. Конституциялық заң жобасында ерекше құқықтық режимді және заманауи басқару мен қала құрылысы нормаларын енгізуді көздейтін ережелер қамтылды, - деді Үкімет басшысы.
Осыған дейін Олжас Бектенов теміржол инфрақұрылымының тозу деңгейі жоғары екенін айтты.