Бірқатар медициналық анықтама енді eGov арқылы беріледі – вице министр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде бірқатар медициналық анықтама мен құжат цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов мәлімдеді.

— Қазір 5 құжат цифрлық форматқа ауыстырылды. Осы жылы тағы 3-еуі ауысады. Атап айтқанда жүргізушілерге арналған 073/у анықтамасы, жұмысқа орналасқанда талап етілетін 075/у анықтамасы, балалардың денсаулық паспорты, жұмысшыларға арналған жеке медициналық кітапшаларды электрондық форматқа ауыстырдық. Оларды eGov арқылы алуға болады, - деді ол ОКҚ алаңында.
Вице-министрдің айтуынша, бұл бастама заңсыз анықтамалар айналымын азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ, емханаға бару қажеттілігін жойып, адамдардың уақытын үнемдейді.
Айта кетейік, бұған дейін жаңа цифрлық құжатты eGov Mobile мобильді қосымшасынан алуға болатыны жазған едік.