Бірлік керуені: Алматы көшелерінде қазақ батырлары атпен жүріп өтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Алматыдан «Бірлік керуені» жолға шықты.

атты адамдар
Фото: Алматы әкімдігі

Спорт делегациясының құрамына аударыспақ бойынша аға жаттықтырушы Асхат Рысов, қазіргі қазақ күресінің негізін қалаушылардың бірі Елемес Әлімханов, ҚР Қазақ күресі федерациясының бірінші төрағасы Ерғали Мұхиддинов, құсбегілік «Қыран» федерациясының президенті Бағдат Мүптекеқызы, тоғызқұмалақ бойынша жаттықтырушы Әлімжан Қыдырбаев, қазақ күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бауыржан Тәліп, спорттың құрметті қайраткері, асық атудан жаттықтырушы Айталап Қорғамбаев, Алматы қаласы бойынша ұлттық ойындарды ұйымдастыру жөніндегі жауапты үйлестіруші Нұрлан Оспанов енген.

конституция күнгі керуен
Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстан астанасына ойындардың мәдени бағдарламасына қатысатын шығармашылық ұжымдар да аттанды, «Көшпенділер әлемі» этноауылын ұйымдастыру үшін киіз үйлер жіберілді.

Салтанатты шараның маңызды элементі Достық даңғылының бойындағы Абай атындағы алаңға дейін Бірлік керуенінің театрландырылған көрініс көрсете жүріп, өтуі болды. Атқа мінген қазақ батырлары Алматы делегациясының өкілдері Астанаға апаратын Аюсай шатқалынан киелі суды жеткізді.

керуен
Фото: Алматы әкімдігі

Естеріңізге сала кетейік, су бірінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басты қасиетті символы және негізгі элементі болды. Алматыда су Аюсай сарқырамасынан алынды.

бірлік керуені
Фото: Алматы әкімдігі

Бірлік керуеніне қатысушылар арасында Nomad атты акробатикалық тобы, «Арлан жете» ұлттық дәстүрлер театрының актерлері, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының актерлері және қаланың сегіз ауданының өкілдері бар.

мерекелеу
Фото: Алматы әкімдігі

Ойындардың ашылу күні, 8 қыркүйекте, еліміздің әр өңірінен киелі сумен толтырылған торсықтары (шынайы былғарыдан жасалған қазақ ұлттық ыдыстары) бар батырлардан тұратын жарқын шеру рәсім өтетін жерге барады.

Алматыдағы мерекелік шара
Фото: Алматы әкімдігі

Бұған дейін ұлттық және ат спорты клубының жетекшісі Нұрлан Оспанов Құсбегілік сайысы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына алғаш рет қосылатыны туралы айтқан еді.

керуен
Фото: Алматы әкімдігі
Соңғы жаңалықтар