Бірнеше халықаралық әуе компания Венесуэлаға рейсін тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың ескертуінен кейін бірнеше халықаралық әуе компаниясы Венесуэлаға рейсін тоқтатты, деп хабарлайды Reuters.
АҚШ федералды авиация әкімшілігінің ірі әуе компанияларына ел үстінен ұшу кезінде «қауіпсіз жағдай» туралы ескерткеннен кейін үш халықаралық компания Венесуэладан ұшуын тоқтатты.
Flightradar24 және Simon Bolívar Maiquetia халықаралық әуежайының ресми сайтының хабарлауынша, сенбі күні бразилиялық Gol мен колумбиялық Avianca әуе компаниясы және TAP Air Portugal Каракастағы рейстерін тежеді.
TAP Air Portugal сенбі мен келесі сейсенбіге жоспарланған рейстердің тоқтатылғанын растады.
— Бұл шешім АҚШ авиациялық билігі Венесуэла әуе кеңістігіндегі қауіпсіздік жағдайларына кепілдік берілмейтінін көрсететін ақпараттан кейін қабылданды, — деді компания өкілдері.
Испанияның Iberia әуе компаниясы да дүйсенбіден бастап Каракасқа рейстерді тоқтатты. Бірақ испандық компанияның Венесуэла астанасынан Мадридке сенбі күнге жоспарланған рейсі ұшып кетті.
— Компания осы елге рейстерді қашан қалпына келтіру керектігін шешу үшін жағдайды бақылайды, — деді Iberia әуе компаниясының өкілі.
Федералдық авиация әкімшілігінің кеңесі «қауіпсіздік жағдайы нашарлап, Венесуэлада немесе оның айналасында әскери белсенділіктің артқаны» туралы ескерту жасады. Сондай-ақ барлық биіктіктегі ұшақтарға қауіп төнуі мүмкін екенін айтты.
Осыған дейін Дональд Трамп Венесуэлада құрлықтағы әскери операцияның жүргізілу мүмкіндігін жоққа шығармады.