Бірнеше өңірде жалған дипломмен жұмыс істеген бапкерлер әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің бірнеше аймағында жалған дипломмен жұмыс істеген бапкерлер мен спорт мектебінің басшылары анықталды. Толығырақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров айтып берді.

Жалған диплом жарнамасына студенттердің түпнұсқа дипломы қолданылады – Сергей Пен
Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

- Бапкерлік және спорт қызметі саласында жалған диплом пайдаланудың 278 фактісі анықталды. (оның ішінде 9 басшы бар, 248 жаттықтырушы және 21 басқа да қызметкер бар). Мұндай фактілердің басым көпшілігі Түркістан (44), Атырау (30), Алматы (26), Жамбыл (22) және Ақмола (20) облыстарында анықталды. Мысалы, Астана қаласында олимпиадалық резервтің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшыларының бірі жоғары білім туралы жалған дипломмен жұмыс істеген. Оның оқу барысында басқа спорт ұйымында нұсқаушы қызметін атқарғаны анықталды, - деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Одан бөлек, Маңғыстау облысында олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директорының орынбасары да жалған дипломмен жұмыс істеген.

- Барлық факті бойынша материалдар ішкі істер органдарына берілді, қазір алдын ала тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қабылданған шаралар аясында 250 адаммен еңбек келісімшарты бұзылды. Қалғандары бойынша жұмыстан босату мәселесі тергеу нәтижелері бойынша шешіледі, - дейді ол.

Айта кетсек, елімізде заңды тұлғалардың жемқорлық қылмыстарына жауапкершілігі күшейтіледі.

 

Соңғы жаңалықтар