Бірнеше рет ұрлық жасаған әуежай жұмысшысы сотталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әуежайындағы жүкті уақытша сақтау қоймасының 29 жастағы жұмысшысы жалпы сомасы 7 млн теңгеден асатын бөтенің мүлкін ұрлағаны үшін 3,6 жылға сотталды.

Ішкі істер министрлігінен хабарлағандай, 29 жастағы азамат «Алматы-Дубай», «Алматы-Прага» және «Алматы-Гонконг» халықаралық бағыттарында бөтеннің мүлкін бірнеше рет ұрлаған.
«Ұсталған азамат әуежайдың уақытша сақтау қоймасында жүк тиеуші болып жұмыс істеп жүріп, осы жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында жалпы сомасы 7 645 371 теңге болатын мүлікті ұрлаған. Көлік полицейлерімен жедел тәртіпте ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуі барысында заттай дәлелдемелер тәркіленді»-деп хабарлады министрліктен.
Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.