Бірінші «KazEOSat-MR» спутнигі 2027 жылы орбитаға шығарылады

АСТАНА. KAZINFORM — Бірінші «KazEOSat-MR» спутнигі 2027 жылы орбитаға шығарылады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

От идеи до орбиты: как в Астане создаются спутники будущего
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— 2023 жылдан бері ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінде «KazEOSat‑MR» аппараттары топтамасының өндірісі ұйымдастырылған. Олардың біріншісі 2027 жылы орбитаға шығарылады. Өкілетті орган жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелігін, сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін, сонымен қатар аталған салаға жаңа инвестициялар ағынын арттыру үшін мемлекеттік сатып алуларды оңтайландыру және экспорттық келісімшарттар бойынша салық салу мәселелерін пысықтап жатыр. Зымыран жасауды қарқынды дамыту жүзеге асырылып жатыр. 2021 жылдан бері жобалау жабдықтары құрылып, жобалау алдындағы жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ зымырандардың сынақ модельдерін сынау жүзеге асырылды, — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің атап өтуінше, осы жылдың соңына қарай шағын метеорологиялық зымыранды бірінші рет ұшыру көзделіп отыр.

— Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай әлемде зымыран жасау нарығының көлемі 113 млрд долларға дейін артады. Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі 2026-2028 жылдары ғарыш қызметі саласындағы қолданбалы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды 8,2 млрд теңге сомасында қаржыландыру бойынша сұранысты қарастырып жатыр, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін «Бәйтерек» кешенінен бірінші зымыранды желтоқсанда ұшыру жоспарланғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар