Бірінші лига: «Каспий» өз алаңында «SD Family» командасын ірі есеппен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан Бірінші лиганың ХIХ туры мәресіне жетті.

Екінші ойын күні, 22 тамызда ақтаулық «Каспий» елордалық «SD Family» командасын қабылдады. Кездесу барысында ақтаулық команда тізгінді толықтай өз қолына алды. Нәтижесінде қарсыласынан 10:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 47 ұпаймен бірінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ биыл Премьер-лигаға қайта оралудан үмітті саналған қарағандылық «Шахтер» ала-құла ойынымен көзге түсіп жүр. Бұл жолы олар өз алаңында алматылық «Қайрат-2» командасымен 3:3 есебімен тең ойнады.
Ал Түркістан облысының «Жетісайы» Павлодар облысынның «Екібастұзынан» 3:1, «Тараз» бен «Хан тәңірі» 2:1 есебімен басым түседі.
Ал 21 тамызда павлодарлық «Ертіс» сырт алаңда Шымкенттің «Академия Оңтүстік» клубынан 1:0 есебімен басым түссе, алматылық AKAS өз алаңында «Ақтөбе-2» клубын 4:0 есебімен жеңді.
Ал «Алтай» (Өскемен) мен «Түркістан» арасындағы кездесу өткен жоқ. Кездесуге түркістандық клуб келмей қалған.
Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша, аталған матчқа қатысты шешім федерацияның бақылау-тәртіптік комитетінің алдағы отырысында қабылданады.
Турнир кестесінде алғашқы екі орынға ие болған командалар алдағы жылы Премьер-лигаға қатысуға тікелей жолдамаға қол жеткізеді.