Бірінші лига: «Оқжетпес» қатарынан жетінші мәрте жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің XVІІ турының алғашқы ойын күні өтті.

Бұл турда Көкшетаудың «Оқжетпесі» тағы да жеңіске жетті.
Көкшетаулық команда өз алаңында Түркістан облысының «Арыс» командасын қабылдаған еді.
Кездесуде олар қарсыласын 7:1 есебімен ойсырата жеңді.
Қатарынан жетінші мәрте жеңіске жеткен команда осылайша турнир кестесінде 36 ұпаймен көш бастап, қарсыластарынан оқ бойы ұзап кетті.
Ал екінші орындағы Түркістан облысының «Жетісайы» сырт алаңда Қызылорданың «Қайсар-2» командасымен 0:0 есебімен тең ойнаса, тағы бір кездесуде Павлодар облысының «Екібастұзы» Алматының «Хан тәңірінен» 2:1 есебімен басым түсті.
Аталған турда енді 26 шілдеде«Ақжайық» (Орал) мен «Тараз», «Ақтөбе-2» мен «Алтай» (Өскемен), «SD Family» (Астана) мен «Қайрат-2» (Алматы), «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Каспий» (Ақтау) командалары кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболшы Александр Зуев қостанайлық «Тобыл» командасының қатарына қосылды.