Бірінші лига: «Оқжетпес» ұпай жоғалтты, «Каспий» өз алаңында жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Бірінші лиганың ХХV туры тартысқа толы басталды. Көш басында келе жатқан Көкшетаудың «Оқжетпесі» ойламаған жерден сырт алаңда Өскеменнің «Алтай» командасына 0:1 есебімен есе жіберді. Осылайша олар турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алды. Әзірге көш басында тұрғанмен одан кейінгі орындардағы командалар аталған ұжымды өкшелеп қалды.
Біріншіліктің орта тұсына таман ойыны біршама қожырап кеткен Ақтаудың «Каспий» клубы әлі де Қазақстан Премьер-лигасына шығатын мүмкіндігін жоғалтқан жоқ. Сегіз тур бойы жеңілістің ащы дәмін татпаған олар сол сәттілік сериясын бұл жолы да жалғастырды.
Ақтаулық клуб бүгінгі ойында Алматының «Қайрат-2» командасын 4:2 есебімен жеңді. Сондай-ақ аталған турда Оралдың «Ақжайығы» қызылордалық «Қайсар-2» командасын 1:0 есебімен қапы қалдырды.
Енді 20 қыркүйекте «Ақтөбе-2» мен «Арыс» (Түркістан облысы), «Жетісай» (Түркістан облысы) мен «Хан Тәңірі» (Алматы), «Түркістан» мен «SD Family» (Астана), «Екібастұз» (Павлодар облысы) бен «Тараз» командалары кездесу өткізеді.