Бірінші лигаға түсіп қалған «Ақсу» командасы жаңа маусымда Премьер-лигада ойнайды

Премьер-лигада ойнайды
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Қазақстан Премьер-лигасына қатысатын командалардың толық тізімі белгілі болды. 

Бүгін 2024 жылғы футболдан Қазақстан чемпионатының толық қатысушылары белгілі болды. Биыл Премьер-лигада сынға түсуге мүмкіндігі болған «Мақтаарал» футбол клубының орнын «Ақсу» командасы басты. 

Еске салсақ, Түркістан облысының ұжымы футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі ереженің талаптарын орындамағаны және талапқа сай келмегендігі үшін доп додасынан шеттетілген еді. 

«Клубтардың бәсекеге қабілеттілігін сақтау және чемпионаттың сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы Премьер-лигаға қатысушылар санына өзгерістер енгізбеудің маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, соңғы үш жылда Премьер-лигада 14 клубпен өткізу форматы өзінің маңыздылығын дәлелдеді. Ол ойын күнтізбесін икемді және жоспарлауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ аталған формат қатысушыларға жоғары дивизионда өнер көрсету үшін жоғары сәйкестік талаптарын белгіледі. Нәтижесінде футбол клубтарының дамуына оң әсер етті», - деп мәлім етті Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасынан.

ҚФФ-да өткен футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі комиссия отырысының қорытындысы бойынша «Ақсу» футбол клубына рұқсат беру туралы шешім қабылданды. 

«Спорттық қағидатты сақтау мақсатында чемпионаттың жаңа маусымына қатысу туралы ұсыныс бірінші лига клубтарына және өткен жылдың қорытындысы бойынша Премьер-лигада соңғы орындарға жайғасқан үш клубқа жіберілді. Нәтижесінде «Ақжайық», «Хан Тәңірі», «Арыс»,«Түркістан»,«Тараз» және «Оқжетпес» клубтары қатысудан бас тартты. Сондай-ақ «Каспий» клубында сәйкессіздіктер анықталды. Ал «Қыран» командасы ұсынысқа жауап бермеді», - деп толықтырды Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасынан.

Айта кетсек, павлодарлық «Ақсу» 2022 жылы Премьер-лиганың дебюттік маусымында 6-орынды иеленді. Ал өткен жылы чемпионатты соңғы 14-орында аяқтады.

Соңғы жаңалықтар