Бронх демікпесі туралы ата-ана нені білуі керек

Бронх демікпесі  тыныс жолдарының ең жиі кездесетін ауруы. Мамандардың айтуынша, сырқаттар саны жылдан жылға артып келеді. Болжамға сәйкес, ғасырдың екінші жартысында әрбір екінші бала демікпеден зардап шегуі мүмкін. «Алатау» балалар клиникалық санаторийі директорының орынбасары Екатерина Слободенюк ҚазАқпарат тілшісіне дерт жайында, толыққанды өмір сүруге және асқынуды ұмытуға мүмкіндік беретін жағдайларды айтып берді.

дәрігер
Фото: ҚазАқпарат/Ақерке Дәуренбекқызы

- Екатерина Борисқызы, «Алатау» балалар клиникалық санаторийінің басқалардан ерекшелігі неде? Бұл жерде қандай диагнозбен ем қабылдауға болады?

- Толық атауы – «Алатау» балалар клиникалық санаторийі» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны. 1990 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Елімізде балаларға арналған санаторийлер саусақпен санарлық, біздің ұйымның ерекшелігі – бұл республикадағы таулы-климаттық курортта орналасқан жалғыз балалар санаторийі, теңіз деңгейінен 1430 метр биіктікте тұр.

бронх
Фото: ҚазАқпарат/Ақерке Дәуренбекқызы

Яғни ауасының өзі ем, тау басына көтеріліп-түсу – терренкур - күнделікті қабылданатын ем қатарына енгізілген. Еліміздің он үздік санаторийінің қатарында.

санаторий
Фото: ҚазАқпарат/Ақерке Дәуренбекқызы

Бізге созылмалы бронхопульмональды аурулар, соның ішінде бронх демікпесі бар балалар келіп, тегін ем қабылдайды. 150 орындық, оның ішінде ата-аналар қалауы бойынша балаларымен бірге келіп, ақылы түрде жата алады.

Жалпы 3-17 жас аралығындағы балаларға арналған, жыл бойы жұмыс істейді. Курс 21 күнге арналған. Былтыр 1890 баланың денсаулығын жақсартуға жұмыс істедік.

- Санаторий бронх демікпесі бар балаларды сауықтыруға басымдық береді дедіңіз. Осы созылмалы ауру жайында айтып беріңізші

- Бронх демікпесі - негізінде аллергиялық қабыну бар созылмалы ауру. Бұл дерттің белгілері – жөтел, ентігу, тыныс алған кезде ысқырғандай шумен демалу, тыныс алудың қиындауы, тіпті тұншығуға дейін баруы мүмкін. Ауру өте ауыр болып, өмірге қауіп төндіреді.

денсаулық
Фото: ҚазАқпарат/Ақерке Дәуренбекқызы

 

Бронх демікпесі аллергиямен тығыз байланысты. Аллергиялық реакциядан әртүрлі аурулар пайда болуы мүмкін. Мысалы, тамақ аллергиясы кезінде атопиялық дерматит, респираторлық - аллергиялық ринитпен немесе бронх демікпесімен көрінеді.

Тағы бір айта кететін жайт, бронх демікпесімен ұлдар жиі ауырады.

- Бронх демікпесі тұқым қуалай ма?

Бронх демікпесі емес, аллергияға бейімділік тұқым қуалайды. Егер отбасында астматиктер болса, онда балалар аллергиялық аурулармен жиі ауырады. Ол демікпе, аллергиялық ринит болуы мүмкін, анасында бір, ал балада басқа ауру болуы мүмкін.

бала денсаулығы
Фото: ҚазАқпарат/Ақерке Дәуренбекқызы

Егер ата-ананың біреуінде бронх демікпесі болса, онда балада бұл дерттің қайталануы 30%, екеуі де ауырса – 70% жағдайда бала да ауырады.

- Бронх демікпесі қалай пайда болады және қандай белгілерге назар аудару керек?

- Бронх демікпесі бірден пайда болмайды. Аллергия - бұл жүйелік реакция, сондықтан балаларда ол алдымен тамақ аллергиясы ретінде көрінеді, яғни үлкен дәретке тұрақсыз бару, кейін атопиялық дерматит және басқалар пайда болып, содан кейін жоғарғы немесе төменгі тыныс жолдарының клиникалық көріністері пайда болуы мүмкін. Яғни демікпе әдетте аллергияның соңғы кезеңі.

Сонымен қатар, аллергияға бейім адамдар жиі жедел респираторлық инфекцияларды жұқтырып, ол кейін бронх демікпесінің дамуына себеп болады.

бронх
Фото: ҚазАқпарат/Ақерке Дәуренбекқызы

Бронх демікпесіне әкелетін ең кең таралған себеп – үйдегі шаңға, гүл тозаңына, дәрілер мен азық-түлікке патологиялық реакция. Бронхтың қысылуына үйдегі микроскопиялық кенелер әсер етуі мүмкін. Олар кілемде, жұмсақ ойыншықтарда, төсек-орында болуы мүмкін. Құс жастық пен көрпе, үйде көктің болуы жағдайды ушықтыра түсуі мүмкін.

Егер баланың демалысы қиындап, тыныс алу кезінде сырыл, ысқырық дыбыстар шықса, түні бойы жөтел қысса, физикалық белсенділіктен кейін демалысы нашарласа, суық тию 10 күннен артық созылып кетсе немесе демікпеге қарсы ем қолданғанда жағдайы жақсарса – бұл оның бронх демікпесімен ауыратындығының белгісі.

Бронх демікпесі 30-50% балада ол пубертат, яғни 13-17 жасқа келгенде жойылуы мүмкін.

- Бронх демікпесі бар баланың жағдайын жақсарту үшін не істеген жөн?

- Белгілі бір ережелерді ұмытпай, орындау қажет. Үйде гипоаллергенді жағдай қалыптастырған жөн: үй жануарлары – ит, мысық, құстар, балықтардан бас тарту, бөлмелерді күнделікті шаңын басып, сүртіп алу, кілем, жүн төсеніштерден, жұмсақ ойыншықтардан құтылу, түрлі косметикалық ұнтақтарды, жуғыштарды шектеп, химиялық заттармен – лак, сыр, желімдермен жұмыс істеуді барынша азайту. Темекі түтіні де зиян, көктемде өсімдіктер гүлдегенде далаға шығуды шектеген жөн.

бала денсаулығы
Фото: ҚазАқпарат/Ақерке Дәуренбекқызы

Гипоаллергендік диета ұстану. Шоколад, цитрустер, жаңғақтар, балық, бал, томат – аллергенді, олардан бас тартқан дұрыс.

Тыныс гимнастикасын жасау қажет. Бассейнде жүзіп, таза ауада көбірек серуендеген жөн.

- «Алатау» санаторийі мемлекеттік, республикалық, яғни оған әр өңірден келіп, балалар тегін сауыға алады. Ол үшін не істеу керек?

- Біздің санаторийге диспансерлік есепке алынған балаларға жолдама беріледі. Әр облысқа бөлінген. Ол үшін тіркелген емханаға барып, дәрігермен бірге құжаттарды жинаған жөн. Оның ішінде баланың жеке құжаттары, жолдама, баланың санаторлық-курорттық картасы, амбулаторлық картаның көшірмесі, бейіндік мамандардың қорытындысы, зертханалық талдаулар бар.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Әрине, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру. Қабылдайтын дерттер тізімін кеңейту, өйткені климаттық жағдайымыз оған қолайлы. Түрлі ем-домдарды арттырғымыз келеді, нәтижесінде балалар ғана емес, оларды ертіп әкелген ата-аналар да денсаулықтарын түзеуге мүмкіндік алар еді.

Келесі жылдарға күрделі жөндеу жұмыстарын да жоспарлап отырмыз. Бізде болған сырқаттар қайта келуге асығатындай жағдай жасалуы керек.

- Рахмет!

бала денсаулығы
Фото: ҚазАқпарат/Ақерке Дәуренбекқызы

 

Соңғы жаңалықтар