BRT: Алматының Желтоқсан көшесімен екі бағытта жаңа автобус бағыттары жүреді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Желтоқсан көшесінде автобустарға арналған BRT желісі іске қосылады.

BRT
Фото: Алматы әкімдігі

Тимирязев көшесінің қолданыстағы арнайы жолағы Желтоқсан көшесімен жалғанады. Kazinform агенттігі жаңа BRT құрылысы және онымен жүретін қоғамдық көліктер туралы жауапты ведомстводан нақтылады.

Қазір Алматы орталығындағы Желтоқсан мен Наурызбай батыр көшелерінде бір бағытта ғана қозғалыс бар. Наурызбай батыр көшесінде көлік ағыны, соның ішінде арнайы жолақпен жүретін қоғамдық көлік тек оңтүстік бағытта қозғалады, ал Желтоқсан көшесінде — керісінше, тек солтүстікке қарай жүреді.

Алайда бұрын Желтоқсан көшесінде негізгі көлік ағымы оңтүстіктен солтүстікке бағытталса, ал ең шеткі жолақ қоғамдық көлікке бөлініп, ол қарсы бағытта қозғалған.
Биыл жүзеге асырылып жатқан Желтоқсан көшесіндегі BRT жобасы дәл осы ережені қайта енгізеді.

Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, құрылыс-монтаждау жұмыстары жақын арада толық аяқталады.

— Бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтті және барлық мүдделі қызметтермен келісілген. Жобаны толық аяқтау 2025 жылдың қараша айына жоспарланған, — деп хабарлады басқармадан.

Ведомство мәліметінше, Желтоқсан көшесінде екі бағытты қозғалыс ресми ашылғаннан кейін кейбір автобус маршруттарының қозғалыс сызбасы өзгереді. Қазір бұл көшеде оңтүстіктен солтүстікке қарай № 92, № 32, № 205 (жартылай), № 99 және № 119 маршруттары жүреді. Ал кері бағытта дәл осы автобустар Наурызбай батыр көшесімен өтеді.

— Желтоқсан көшесінде № 92, № 98 және № 205 бағыттарын іске қосу жоспарланып отыр. Маршруттар Райымбек даңғылындағы құрылыс жұмыстары аяқталған соң ашылады. Алайда Желтоқсан көшесінде троллейбус маршруттарын іске қосу көзделмеген, — делінген жауапта.

Еске салайық, сәуір айында Желтоқсан көшесі бойымен BRT желісінің құрылысы басталды.

Бұған дейін Райымбек батыр даңғылы мен Желтоқсан көшесінде BRT қанша пайызға дайын екенін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар