17:54, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Брюссельде «Қауіпсіздік: Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық. Жаңа әріптестікке арналған стратегия» деген тақырыпта семинар өтті
БРЮССЕЛЬ. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ – Осы аптада Халықаралық қатынастардың Еуропа институты (IERI) Еуропадағы болжамдау және қауіпсіздік институтымен (IPSE) бірлесіп ұйымдастырған «Қауіпсіздік: Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық. Жаңа әріптестікке арналған стратегия» деген тақырыпта семинар болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Осы іс-шарада негізгі баяндамашы ретінде Орталық Азия бойынша Еуроодақ Кеңесінің арнайы өкілі Пьер Морель, Қазақстан Республикасының істері бойынша уақытша сенімді өкіл Жан Ғалиев, Бельгияның Еуроатлантикалық қауымдастығының төрағасы Жак Розье, IERI геосаяси зерттеулер институтының директоры Пьер-Эммануэль Томанн және «Азия-Еуропа» жобасының сарапшысы Давид Фуке сөз сөйледі.Семинарда сонымен қатар, бірқатар Брюссельде аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, Еуропалық Комиссияның, НАТО-ның, ғылыми-зерттеу ортаның өкілдері және Еуропалық дипломатия академиясының тыңдаушылары қатысты. Отырысты IERI президенті профессор Ирнерио Семинаторе ашып, тұңғыш рет өткізіліп отырған осы семинарда аймақтық және жаһандық аумақта Орталық Азия мемлекеттерінің артып отырған рөлін атап өтті.
Еуроодақтың арнайы өкілі П.Морель соңғы 12 жылда Орталық Азия аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздіктің айтарлықтай нығайтылуы жүріп жатқанына баса назар аударды. Осыған байланысты ол сыртқы әріптестермен, атап айтқанда, Еуроодақпен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызына тоқталды.П.Морель экономикалық және саяси дамудың қарқыны бойынша сөзсіз аймақтық көшбасшы ретінде Қазақстанды бөліп көрсете отырып, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы айырмашылықтарға назар аударды. Ол сонымен қатар, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы Астананың үлесін атады.Басқа баяндамашылар да біздің еліміздің тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі айтарлықтай рөліне ерекше тоқталды.Өз сөзінде қазақстандық дипломат тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, аймақтық және жаһандық даму үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру бойынша Астананың жұмсап отырған күш-жігері туралы айтып берді.Ж.Ғалиев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мызғымас бейбітшілікті құруға және диалогты дамытуға бағытталған теңдессіз бастамасының тарихи маңызын атады. Семей ядролық полигонының жабылуы, өзінің көлемі бойынша әлемдегі төртінші орынды иеленетін ядролық қару арсеналынан ерікті түрде бас тарту, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және Биологиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияға қосылу Қазақстанның қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігінің жарқын үлгісі болды.
Мемлекет басшысының Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨІСШК) шақыру, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін, «Ортақ әлем: әралуандылық арқылы ілгерілеу» мұсылман әлемі және Батыс елдері сыртқы істер министрлерінің конференциясын өткізу бойынша бастамасы аудиторияның үлкен қызығушылығын туғызды. Қазақстан Шанхай ынтымақтастығы ұйымының, Еуразия экономикалық одағының белсенді мүшесі ретінде танылды.Семинарға қатысушылар Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) және 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына (ИКҰ) алдағы төрағалық етуін қызу қуаттады. «Қазақстан осы маңызды миссияға құрқол емес, жалпыға ортақ игілік үшін пайдаланылатын және осы Ұйымдардың беделін нығайта түсетін қомақты жүкпен келіп отыр», ? деді Ж.Ғалиев Қазақстан Президентінің АӨІСШК мүше-елдері сыртқы істер министрлерінің үшінші кеңесінде айтқан сөздерін еске ала отырып. Қазақстанның Еуроодақпен ынтымақтастығының жай-күйін және перспективаларын талқылау орайында кездесуге қатысушылар Еуроодақтың Орталық Азия мемлекеттерімен Жаңа әріптестікке арналған стратегиясына және Қазақстанның болашақта ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне Астананың лайықты жауабы болып табылатын «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мазмұнымен таныстырылды.П.Морель мен Ж.Ғалиев Брюссельде наурыздың 17-сінде Қазақстанның қатысуымен алғаш рет өтетін ЕҚЫҰ және Еуроодақ «үштігінің» алдағы болатын отырысының маңызын атап көрсетті.Семинар барысында Қазақстан Республикасының Брюссельдегі Елшілігі әзірлеген «Бейбітшілік ? барлығын да анықтайтын сөз» деректі фильмін көрсетті. Кездесуге қатысушылардың барлығына да қазақстандық дипломатиялық миссиясының ағылшын, француз және нидерланды тілдерінде шығарған «Еуропаға жол», «Қазақстанның жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке қосқан үлесі» және «Қазақстан ? ұлысаралық және дінаралық бейбітшілік пен үйлесім мекені» мемлекеттік бағдарламаларының мәтіндері жазылған кітапша табыс етілді.