Брюссель орталығында атыс болды

Бельгия астанасында соңғы үш күнде атыс қаруы қолданылған екі оқиға болды. Бұл туралы rtbf.be телерадиокомпаниясы жазды. 

Брюссель
Фото: © Оливье Буленк / rtbf.be

Сейсенбі күні сағат 14:00-де Сент-Жиль коммунасындағы Жак-Франк алаңында белгісіз біреулер бірнеше рет оқ жаудырып, Андерлехт аймағына қашпақ болған. 

Полицияның айтуынша, оқ жаудырған 3 адамның мақсаты белгісіз. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Алайда, ізін жасырмақ болған күдіктілер әйелді қағып кеткен, оның өміріне төнген қауіп жоқ. Артынша көліктері қабырғаға соғылып, күдіктілер көлікті тастап, полициядан қашуды жалғастырды. 

«Олар әлі қамауға алынған жоқ», - дейді Сент-Жиль мэрі Жан Спинетт.

Бельгиялық баспасөз атыс болған аймақ есірткіні заңсыз сатумен «әйгілі» деп жазады. 

Сонымен қатар бұл Брюссельдің осы аймағындағы екінші атыс оқиғасы. Осыған ұқсас оқиға жексенбіде болып, екі адам оқ жарақатын алған. 

«Бұл оқиғалардың бір-бірімен байланысты болу ықтималдығы жоғары», - деді жергілікті коммуна мэрі.

Аудан басшысы сонымен қатар өз аймағындағы қылмыскерлердің мафия тәрізді және жоғары ұйымдасқан мінез-құлқы туралы айтып, федералды сот полициясының, прокуратураның және есірткі комиссарының іске араласуын талап етті.

«Бізге аудандардан тысқары жатқан есірткі тасымалы топтарын қудалау үшін техникалық және қаржылық мүмкіндіктер қажет», - деді Ж.Спинетт.