Брюссельде 60 мыңға жуық адам климатты қорғауды талап етіп, шеруге шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Бельгия астанасы Брюссельде ондаған мың адам климаттың өзгеруіне қарсы нақты шаралар қабылдауды талап етіп, шеруге шықты. Наразылық акциясы БҰҰ-ның климат жөніндегі COP31 конференциясы қарсаңында өтті, деп хабарлайды Euronews.
Шеру қатысушылары қала көшелерімен жүріп өтіп, Еуропалық одақтың штаб-пәтеріне қарай бет алды. Олар биліктен жаһандық жылынуға қарсы күресті күшейтіп, экологиялық мәселелерді саяси күн тәртібіндегі басты бағыттардың бірі ретінде қарастыруды талап етті.
Полиция мәліметінше, шеруге 45 мың адам қатысқан. Ал ұйымдастырушылар олардың саны 60 мыңға жуықтағанын мәлімдеді.
Акцияны Climate Coalition қозғалысы басқа да қоғамдық және саяси ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырды.
Шеруге қатысушылар бес негізгі талап қойды. Атап айтқанда, қазба отынға берілетін субсидияларды тоқтату, осы салаға қосымша салық енгізу, жасыл аймақтарды көбейту, экологиялық өзгерістердің әлеуметтік тұрғыдан әділ жүргізілуін қамтамасыз ету, азаматтар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету және халықаралық климаттық ынтымақтастықты күшейту ұсынылды.
Фландрия мен Брюссельдегі «Жасылдар» партиясының төрағасы Аймен Хорхтың айтуынша, Еуропадағы аптап ыстық пен орман өрттері климаттың өзгеруі күнделікті өмірге тікелей әсер етіп жатқанын көрсетті.
– Адамдар аптап ыстықтан көз жұмды. Үйлерінің іші соншалық ысып, түнде ұйықтай алмайтын жағдайға жетті. Олар елдегі маңызды табиғи қорықтардың бірі – Жоғары Феннде орман өрттері болғанын көрді. Бірақ билік тарапынан тиісті шаралар қабылданбағанына куә болды, – деді ол.
Аймен Хорх климат мәселесінің саяси күн тәртібінен шеттеп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Оның сөзінше, климаттық мақсаттарды қорғау үшін Еуропарламентте де, Бельгияның өзінде де күрес жүргізуге тура келеді. Өйткені аптап ыстық пен климаттың өзгеруінің адамдар өміріне әсері әлі де өзекті.
Шеруге қатысқан экономист Этьен де Каллатаи қоғамда климаттың өзгеруіне қатысты алаңдаушылық күшейгенін айтты.
– Биылғы жаздағы аптап ыстықтың әсерін бәріміз сезіндік. Сондықтан саясаткерлер экология саласында батыл шешім қабылдаудан және оның сайлау нәтижесіне ықпал етуінен қорықпауы керек, – деді ол.
Ал үкіметтік емес ұйым қызметкері Аурор Шрайбер шеруге отбасымен бірге келгенін айтып, биліктің азаматтар талабына құлақ асатын кезі жеткенін жеткізді.
Наразылық акциясы қараша айында Түркияның Анталья қаласында өтетін БҰҰ-ның COP31 климат конференциясы қарсаңында ұйымдастырылды.
Алайда сарапшылар алдағы жиыннан айтарлықтай нәтижелер күту қиын екенін айтады. Бұған АҚШ-тың климат жөніндегі халықаралық келіссөздерден шеттеуі және Еуропада экологиялық саясаттың бәсеңдеуі әсер етіп отыр.
Еуропалық одақ өзін климат саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде көрсеткенімен, соңғы уақытта бірқатар экологиялық талаптарды жеңілдетуге кірісті.
Мәселен, қыркүйекте Еурокомиссия метан шығарындыларын реттейтін заңның күшіне ену мерзімін 2027 жылдан 2028 жылға ауыстыруды ұсынған.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылдың маусым және шілде айларында Батыс Еуропада ауа температурасы рекордтық деңгейге жеткені хабарланған болатын. Осы кезеңде орташа температура 21,62 градусқа көтеріліп, климаттық нормадан 2,79 градусқа жоғары болды.