Брюссельде алғаш рет Орталық Азия – Еуропа шығармашылық форумы өтіп жатыр
АСТАНА.KAZINFORM – Осы аптада Еуропа астанасында Орталық Азияның бес елінен келген бірқатар дизайнерлер мен шығармашылық тұлғалардың бастамасымен Орталық Азия – Еуропа шығармашылық форумы басталды. Бұл туралы Брюссельден Kazinform меншікті тілшісі Арнұр Рахымбеков хабарлайды.
Осы бастама аясында қазақстандық зергерлердің «Алматы зергерлік апталығы» жобасы таныстырылып жатыр.
Брюссельге Орталық Азияның барлық республикаларынан, оның ішінде Қазақстаннан 12 дизайнер келіп, өз жұмыстары мен жобаларын Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінде (ЕО дипломатиялық органы), сондай-ақ Бельгиядағы Түрікменстан елшілігінде ұсынды.
Алдаға күндері көрме Еуропалық парламентте, Брюссель мен Антверпен қалаларының мұражайларында өтеді.
Орталық Азия – Еуропа креативті форумының бастамашысы Елена Ван Харитонова іс-шараны ұйымдастыру жұмыстарымен бірнеше ай бойы айналысқанын айтады.
- Бес күн ішінде қатысушылар мәдени дипломатия және халықаралық мәдени байланыстар әлеміне еніп, біртұтас шығармашылық аймақ ретінде Орталық Азияға ерекше назар аударады. Қатысушыларымыз ЕО сыртқы саясатының негізгі аспектілерімен және Еуропарламенттің аймаққа деген көзқарасымен танысуға мүмкіндік алады. Мәдени дипломатия – жүректер мен ойларды жаулау, халықаралық мәдени қарым-қатынастар – өзара ынтымақтастық пен мүдделерге негізделген бірлескен іс-әрекеттер мен сындарлы ынтымақтастық. Біздің форумда біз практикалық жағдайлар мен дағдыларды пайдалана отырып, келіссөздер жүргізуді, қазіргі жылдам өзгеретін әлемде стратегиялық байланыстарды құруды үйренеміз. Өз елдері мен мәдениеттерінің жауапты елшілері саналатын шығармашылық мамандар үшін дипломатиялық дағдылар өте маңызды, - дейді Елена Ван Харитонова.
Еуроодақ астанасына Қазақстаннан алматылық суретші-зергер Нұрдос Әлиасқаров барды.
— Бүгін Брюссель қаласында өткен шараларға Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан сияқты елдердің өкілдері қатысты. Бұл – Еуропалық Одақ ғимаратындағы осындай форматтағы алғашқы форум екенін айтқым келеді. Біз осындай форум болашақта жыл сайын өткізілетіндей деңгейге жеткенін қалаймыз. Мұнда шығармашылық адамдар арасындағы "мәдени дипломатия" сияқты шығармашылық сәттер талқыланады, оған саясатқа қатысы жоқ және тек шығармашылықпен айналысатын өз ісінің шеберлері, суретшілер, зергерлер қатысып, бас қосады. Керемет мәдени алмасу жүріп жатыр және осыған байланысты бүгін Еуроодақтың жүрегінде "Almaty Jewelry Week" жобасы таныстырылғанын атап өткім келеді. Бұл платформа дамып, жаңа қатысушыларды тартады және осылайша біз өнер арқылы үлкен одақ құрамыз. Бұл халықаралық жоба болады. Мұндай мәдениетті келесі ұрпаққа, яғни жастарға қалдыру үшін осы форумның жұмысын дамыту қажет, - деді Нұрдос Әлиасқаров.