Брюссельде элиталы спортклубтардан қымбат сағат ұрлаған ер адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM- Бельгия астанасында жергілікті полицияның мәліметінше, елдегі элиталы спортклубтардан зергерлік бұйымдар мен премиум санаттағы сағаттарды ұрлаған ер адам ұсталды. Келтірілген шығын ондаған мың еуроны құрайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Күдіктіні тамыз айында Монтгомери полиция аймағының (Эттербек, Волюве-Сен-Пьер және Волюве-Сен-Ламбер коммуналары) қызметкерлері ұстаған.
Сол күні қылмыскер Бельгия астанасының Волюве-Сен-Ламбер коммунасындағы қымбат спортклубтардың біріне мүшелік рәсімдеу үшін келген. Келушінің әрекеті клуб менеджерінің күдігін туғызған. Ол ер адамды бұрын жасалған ұрлықтарға қатысты бейнебақылау жазбаларынан танып, полиция шақырған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті бір схема бойынша әрекет еткен. Ол клубқа кіріп, киім ауыстыратын бөлмелерге және келушілер жеке заттарын қалдыратын басқа да орындарға барған. Содан кейін қымбат заттарды іздеген. Кейбір жағдайларда сағаттар мен құнды заттар кодпен жабылатын шкафтардан жоғалып кеткен.
Детективтер ұсталған ер адамды Бельгияның әртүрлі спортклубтарында болған тағы үш ұрлық дерегімен байланыстырды. Күдікті Брюссель прокуратурасына тапсырылып, кейін тергеу судьясының алдына келді және кінәсін мойындады.
Монтгомери полиция аймағының қызметкерлері клуб жұмысшыларының қырағылығы мен полиция қызметтері арасындағы өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті. Бельгия полициясы киім ауыстыратын бөлмелердегі жабық шкафтар келушілердің заттарының толық сақталуына әрдайым кепілдік бере бермейтінін де ескертті.
Осыған дейін Түркияда интернеттегі қылмыстық топтарға қарсы арнайы операция басталғаны туралы жаздық.