Брюссельде Еуроодақ көшбасшыларының саммиті басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық одаққа мүше 27 елдің басшылары кезекті ЕО саммитіне қатысу үшін Бельгия астанасы Брюссельге жиналды. Саммит барысында екі маңызды мәселені шешу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Брюссельде Еуроодақ көшбасшыларының саммиті басталды
Фото: Анадолы

Еуропа көшбасшылары 2026–2027 жылдарға арналған Украинаға қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылдайды деп күтілуде.

Алайда қомақты қаржы тарту тетігі әлі де нақты айқындалмаған.

Баламалы нұсқа ретінде Украинаға ірі көлемде қарыз беру ұсынылып отыр, бірақ бұл да ЕО-ға мүше елдердің көпшілігінің келісімін талап етеді.

Осы орайда Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен аталған саммиттің шешуші сәтте өтіп жатқанын атап өтті.

— Біздің басты мақсатымыз біреу Украина үшін күш арқылы бейбітшілікке қол жеткізу. Ол үшін 2026–2027 жылдардағы Украина қаржылық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету аса маңызды. Қарастырылып жатқан екі ұсыныс бар. Біз бүгін нақты шешім табуға келістік, — деді У. фон дер Ляйен.

ЕО ішіндегі саяси келіспеушіліктер Еуроодақтың МЕРКОСУР елдерімен жасалған сауда келісіміне байланысты да ушығып отыр. Франция мен Италия Латын Америкасы елдерінен арзан ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортталуына қарсы шықты.

Наразылық белгісі ретінде Брюссельге Бельгия мен Франциядан шамамен 7 мың фермер келді. Таңертең тракторлардың ұзын легі Еуропалық кварталдың орталығына қарай бет алды. Көптеген делегацияға байланысты қауіпсіздік шаралары мен фермерлердің ереуілі салдарынан Брюссель тұрғындары қала орталығында көлік қозғалысының тұралауына тап болды.

Бұған дейін Еуропа көшбасшылары Киев пен Мәскеу арасындағы ықтимал бейбіт келісімді қамтамасыз ету үшін «көпұлтты күштер» құруды ұсынған болатын. 

Соңғы жаңалықтар