Брюссельде фермерлер наразылығынан кейін 50 тоннадан астам қоқыс шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Брюссельдегі аймақтық қоқыс тазалау агенттігі Net Brussel бейсенбі күні өткен фермерлердің наразылық акцияларынан кейін қала көшелерінен 50 тоннадан астам қалдық шығарылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
Net Brussel қызметкерлері барлық қалған қоқысты тазалау үшін 18 желтоқсан күні кешкі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеген.
Тәртіпсіздіктердің ауқымын ескере отырып, Бельгия астанасының билігі қаланы тазалау үшін арнайы шара қабылдады. Көшелерді қоқыстан тазалау жұмыстары бейсенбі күні түстен кейін басталып, наразылық білдірушілер біртіндеп тарқатылған сайын жалғасын тапты.
Коммуналдық қызметтердің негізгі назары Еуропарламент алдындағы Люксембург алаңына жиналған тракторлардың жүріп өткен бағыттарына аударылды. Әсіресе Брюссельдің ішкі айналма жолына, Иксель коммунасындағы Кронлаан көшесіне және Синт-Ламбрехтс-Волюве ауданындағы Пауль Гиманслаан көшесіне ерекше көңіл бөлінді.
Тазалау бригадалары жолдарды өртенген қоқыс жәшіктері мен шиналардан, сондай-ақ көп мөлшердегі картоп, қызылша және дымқыл сабаннан тазалады.
Полиция алдын алу мақсатында 6 наразылық қатысушысын ұстады, ал тағы 7 адам қылмыстық әрекеттерге күдікті ретінде қамауға алынды. Наразылық кезінде төрт полицей жарақат алды.
— Материалдық шығын өте үлкен, — деп мәлімдеді Иксель коммунасының жергілікті полиция өкілі.
Оның айтуынша, шамамен он шақты противогаз бен бір дулыға жойылған, ал ондаған форма, қалқан және дулыға бүлініп, ластанған. Сондай-ақ полиция көлігі трактормен соқтығысқаннан кейін зақымданған.
Бұдан бөлек, жол белгілері сынған немесе алынып тасталған, терезелер сынған, ал жол жамылғысы өрт салдарынан бүлінген.
Фермерлердің наразылығы Брюссельде өткен ЕО-ның екі күндік саммитінің алғашқы күнімен тұспа-тұс келді.
Аграрлық сала өкілдері Еуропалық одақтың ауыл шаруашылығы саясатына, әсіресе Оңтүстік Американың Меркосур сауда блогымен еркін сауда туралы ұсынылып отырған келісімге қарсы наразылық білдірді. Еуропалық фермерлер бұл келісімге қол қойылған жағдайда әділетсіз бәсекеге тап боламыз деп қауіптенеді.
Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен осы демалыс күндері Бразилияға барып, Меркосурмен келісімге қол қоюы тиіс болған. Еркін сауда келісімін дайындау 25 жылға созылған.
Алайда Франция мен Италияның өтінішінен кейін ЕО көшбасшылары келісімге қол қоюды келесі айға қалдыруға келісті. Саммиттен кейін Франция президенті Эммануэль Макрон елінің бұл келісімді 2026 жылдың қаңтарында мақұлдай ала ма, жоқ па, оны айту әзірге ерте екенін мәлімдеді.
Айта кетелік Брюссельде Еуроодақ көшбасшыларының саммиті басталғаны туралы жазған едік.