Брюссельде Орталық Азия елдері елшілері мен Кариб бассейні дипломаттарының кездесуі өтті

В Брюсселе состоялась встреча послов Центральной Азии и глав дипмиссий стран Карибского бассейна
Фото: pixabay

БРЮССЕЛЬ. KAZINFORM – Бельгияда Орталық Азия мемлекеттері, Моңғолия дипломатиялық миссияларының басшылары мен Кариб бассейні елдері елшілері тобының алғашқы бірлескен бейресми кездесуі өтті.

Кездесу сауда-экономикалық және салалық әріптестікті кеңейту, сондай-ақ өңіраралық және аймақішілік байланыстарды құру бойынша тәжірибе алмасу мақсатында өтті.

Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұханның пікірінше, аймақтардың географиялық алыстығына қарамастан, Орталық Азия мен Кариб бассейні елдерінің жаһандық диалог пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту мәселелері бойынша ұқсас ұстанымы бар, бұл – экономикалық қатынастарды тереңдетудің маңызды шарты.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат инвестициялық преференциялар мен шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы қызметін дамытуға мүмкіндік беретін құралдар туралы баяндап берді.

Орталық Азия өңірінің көлік-логистикалық әлеуетін кеңейтуге ерекше назар аударылды. Еуропалық Одақтың Орта дәлізді дамытудағы рөлі мен қызығушылығының артуы атап өтілді. Сонымен қатар, тараптар Орталық Азия елдері мен Моңғолия арасындағы ЕО институттарымен ынтымақтастықтың басымдықтарын талқылады.

Кездесуге қатысушылар атап өткендей, Орталық Азия елдері мен Моңғолияның ЖІӨ бүгінде 430 млрд еуроны құрайды, ал бұл елдердің өсіп келе жатқан жас ұрпағы 2050 жылға қарай 100 млн адамға жақындауы мүмкін. 2023 жылы Орталық Азиядағы аймақішілік сауда көлемі 11 млрд еуроны құрады.

Қатысушылар сонымен қатар визалық режим, рейстер санын көбейту және ұшу географиясын кеңейту, туризм, білім беру, цифрландыру, атап айтқанда, электронды үкімет жобаларын жүзеге асыру, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл, Еуропалық Одақпен демократиялық институттарды нығайту, іскерлік байланыстар орнату және т.б. бойынша диалог құру мәселелерін қозғады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Орталық Азия, Моңғолия, Кариб бассейні елдері және ЕО арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған мазмұнды диалогты қолдауға келісті.

Кариб бассейні елдеріне Антигуа мен Барбуда, Багам аралдары, Барбадос, Белиз, Куба, Доминика, Доминикан Республикасы, Гайана, Гренада, Гаити, Ямайка, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Сент-Винсент және Гренадин аралдары, Француз Гвианасы, Суринам және Тринидад пен Тобаго кіріп, жалпы алғанда 40 млн тұтынушысы бар серпінді нарықты құрайды.

Еуропалық Одақ – Кариб теңізі аймағының ең ірі сауда серіктестерінің бірі. 2023 жылы ЕО мен Кариб теңізі арасындағы жалпы тауар саудасы 8 млрд еуроны құрады.

Соңғы жаңалықтар