Брюссельде студенттер оқу ақысын көтеруге қарсы наразылыққа шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Брюссель қаласының орталығында бүгін студенттердің наразылық шеруі өтті. Полицияның мәліметінше, оған шамамен 3 мың адам қатысқан, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еуропалық одақтағы меншікті тілшісі.
Шерудің ресми бөлігі елеулі оқиғаларсыз аяқталды. Алайда ол аяқталғаннан кейін бірнеше жүз адамнан тұратын топ бөлініп шығып, тәртіпсіздік ұйымдастырған.
Полиция аймағының ресми мәліметіне сәйкес, бөлініп шыққан топ Кунст-Вет қиылысы маңындағы Кіші айналма жолды жауып, граффити арқылы ғимараттар мен нысандарға зиян келтірген. Кейін Крёйдттуинлаан көшесіне қарай бет алған. Жол бойында қала инфрақұрылымына зақым келтіріп, қоқыс жәшіктерін, қоғамдық велосипедтер мен самокаттарды пайдаланып, тосқауылдар тұрғызған.
Схаарбек қақпасы маңында қоғамдық тәртіп бұзылғандықтан, полиция жиналғандарды тарату үшін су атқыш қолданған. Вандализм жасады және заттар лақтырды деген айыппен үш адам, оның ішінде кәмелетке толмаған бір жасөспірім ұсталды.
Шара Халықаралық студенттер күніне орай ұйымдастырылды. Оған Француз тілінде білім алатын студенттер федерациясы (FEF) бастамашы болған. Шеруге фламандиялық студенттік ұйымдар (VVS), кәсіподақ өкілдері және басқа да қатысушылар қосылды.
Наразылық білдірушілер француз тілінде білім беретін жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының 835 еуродан 1 194 еуроға дейін көтерілуіне, сондай-ақ қаржыландырудың қысқаруы мен оқу жағдайының нашарлауына қарсылық білдірді. Ұйымдастырушылар шеруге 15 мыңға дейін адам қатысқанын мәлімдеді.
Полиция шерудің ресми бағыты кезінде елеулі құқық бұзушылықтар тіркелмегенін атап өтті. Кешке қарай Кіші айналма жолдағы көлік қозғалысы қалпына келтірілді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Брюссельде наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыс болғаны хабарланған.