Біржан Хасанғалиев: Тегімді өзгертуіме әкем іштей қарсы болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін әйгілі композитор, талантты әнші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің туған күні. Осы орайда, дарынды тұлғаның ұлы Біржан Хасанғалиевпен сұхбат құрдық.

Хасанғалиевтер
Фото: Б. Хасанғалиевтің отбасылық мұрағатынан

— Біржан Ескендірұлы, әңгіменің әлқиссасын Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған іс-шаралардан бастасақ… 

— Әкем тірі болғанда 85 жас мерейтойын тойлап жатушы едік. Амал нешік, Алланың жазғанына көнеміз.

Былтыр Алматы қаласының мемлекеттік архивінде Ескендір Хасанғалиевтің құрметіне музей бұрышы ашылды. Композитордың шығармашылығы мен еңбегі халыққа тиесілі. Сондықтан оның қолжазбалары, наградалары, фотоальбомдары, сыйлықтары, кітаптары, ордендері мен медальдарі мемлекеттік архивте сақталуы керек деп шештік. Осылайша, 100-ден астам экспонат мемлекеттік сақтауға қабылданды

Осы жылдың 7 ақпанында Алматы музейінде «Атамекен — ел рухы» атты көрме ашылды. Онда Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін 80-ге жуық құнды жәдігер қойылды.

11 ақпан күні қалалық ашық бокстан турнир ұйымдастырылды.

13 ақпанда «Республика сарайында» Ескендір Хасанғалиевке арналған «Айналдым елім» концерті өтеді.

Бұдан бөлек, 19 ақпан күні Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының кіші залында Ескендір Хасанғалиевтің романстар кеші болады.

25 ақпанда Ұлттық кітапханада «Ескендир Хасангалиев. Жизнь в музыке. Музыка в жизни» кітабының тұсауы кесіледі. Авторы — өзім.

26 ақпанда Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған VII «Көшпенділір әуені» дәстүрлі орындаушылар байқауы басталады.

— Жазушылық қырыңыз туралы білмеген едік…

— Жазушылық — адамның ішкі әлемін, ойларын және эмоцияларын көркем тіл арқылы жеткізетін өнер. Әкем мен үшін — үлгі, өнеге мектебі еді. Ол кісі өмірден озған кезде қатты қиналдым. Сондықтан іштегі дүниені қағазға түсіру керек болды. Әуелі, естеліктер жаза бастадым.

Әкем жайында мен кітап жазбағанда кім жазады? Іште осындай сұрақ туындады. Сөйтіп, әкемнің 85 жылдығына орай жазып шықтым.

Жақсы мінез бен ақыл екеуі біріккенде, адамгершілік қасиеттер пайда болады ғой. Менің әкемнің бойында осы екі қасиет те бар еді. Оны мақтан тұтамын.

— Кітап неге орысша жазылды?

— Қазақ мектебінде оқыдым, ана тілімді жетік білемін, құрметтеймін. Бірақ, әдеби тілде тұлғаның образын ашу, өмірі мен шығармашылығын байланыстыра отырып жазу маған қиынырақ болды. Сондықтан әуелі орыс тілінде жазу керек деп шештім. Алдағы уақытта қазақ тіліне аударылады. Кітапта Ескендір Хасанғалиевтің көпшілік біле бермейтін қыры, ерекше қасиеттері, шығармашылығы бәрі қамтылды.

Хасағанғалиевтер
Фото: Б. Хасанғалиевтің отбасылық мұрағатынан

— Ескендір Хасанғалиев шабытының жемісі болған «Атамекен» әніне биыл 55 жыл. Бойдағы рухты оятатын музыкалық туындының шығу тарихын еске алсақ…

— «Атамекен» әні 1970 жылы шыққан. Бастапқыда туған өлкеге деген сағыныштан әуен туады. Ұзақ толғаныстардан кейін, әуенге сөз жазылады. Дайын болған соң, Ескендір Хасанғалиев оны Қадыр Мырза Әліге тыңдатады. Әуен ақынға бірден ұнап қалады. Ол әкеме: «Рухты оятып, жігер-күш беретін нағыз патриоттық ән екен. Оны бір ауылға немесе бір облысқа емес, бүкіл қазақ халқына арнау керек», — деп ұсыныс жасайды.

Ұлт руханиятында есімдері алтын әріппен жазылған Қадыр Мырза Әлі мен Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылық одағынан туған туынды бірден халық сүйіспеншілігіне бөленеді.

Қазақ жерінде емес, шетелдерде де танылды. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған мағыналы ән бұл күнде өз рухын жоғалтқан жоқ. Кез келген қазақ концертінде шырқалады. Бірде-бір мемлекеттік деңгейдегі мерекелік салтанатты жиын «Атамекен» әнінсіз өтпейді. Бұл — қазақ жүрегінің жырына айналған ән.

Хасанғалиев
Фото: Б. Хасанғалиевтің отбасылық мұрағатынан

— Ресми деректерге сүйенсек, ән өнерінің жарық жұлдызы өмірінің соңына дейін 200-ден аса ән, романс, хорға арналған әуен жазған екен. Сондай-ақ өзге ұлт ақындарының сөзіне жазылған бірқатар әні бар…

— Әкемнің әншілігі бір бөлек, композитор ретінде ұйғыр, татар, башқұрт, неміс, француз, корей ақын өлеңдеріне ән, романс жазған. Оның шығармашылығының ерекшелігі — осы. Сонымен қоса, сол әндерді өзі орындады. Бір шумағы қазақ тілінде болса, екінші шумағы басқа ұлттың тілінде болатын.

Хасанғалиевтер
Фото: Б. Хасанғалиевтің отбасылық мұрағатынан

— Ескендір Хасанғалиев неге анасының тегін алған?

— Әкем нағашыларында тәрбиеленіп өскендіктен сол кісілердің атымен тарихта қалды. Туған әкесі — Құбаш Ибрашев, анасы — Қанаш Өтегенқызы. Туған атам 1942 жылы 24 жасында ауырып қайтыс болады. Сөйтіп, нағашы атасы Өтеген Хасанғалиев пен Бақия әжесі оны қамқорлығына алады. Ескендір Хасанғалиев 1961 жылы ең алғашқы шыққан «Анаға сәлем» әнін туған шешесі Қанашқа емес, әжесі Бақияға арнаған. Нағашы атасы мен әжесін қатты жақсы көрген. Өкінішке орай, Құбаш атамның аты ұмыт қалды. Әкем туған әкесі туралы кейін білген.

— Атаңыздың атын шығару туралы ой болмады ма?

— Жиырма жасымда фамилиямды, яғни тегімді Ибрашев деп өзгерткім келді. Бірақ, әкем іштей оған қарсы болды. Мен соны сездім, көрдім. Содан кейін ойымнан бас тарттым.

Хасанғалиев деген тег — бренд. Барша қазақ таниды. Осылайша, Хасанғалиев болып қалдым. Балаларым да Хасанғалиевтер.

Кітабымда Құбаш Ибрашев туралы бар. Ибрашев тегінің біздің өмірімізде алатын орны ерекше және маңызды.

—  Ескендір Хасанғалиев өмірінің соңына дейін сахнаға шығып, көрерменің ыстық ықыласына бөленген жан. Десе де, орындалмай қалған арманы бар ма?

— Армансыз адам болa ма? Ескендір Хасанғалиев «Еңбек ері» атағына әбден лайықты тұлға еді ғой. Бірақ тірі кезінде оны ала алмады. Әлі де кеш емес деп ойлаймын.

Ескендір Хасанғалиев — ұлы композитор әрі керемет әнші. Алла әкеме екі талантты бірдей берген. Өнердің екі саласында да зор жетістікке жетті. Мемлекет тарапынан жоғары марапат берілсе, халық та, ұрпағы — біз де қуанар едік.

— Композитордың ұлы болудың қиындығы мен ерекшелігі неде?

— Ең алдымен, зор жауапкершілік жүктеледі. Менің миссиям — Ескендір Хасанғалиевтің мұрасын өскелең ұрпаққа жеткізу.

Ерекшелігіне тоқталар болсам, музыканың қалай туатынын көріп өстім. Бұл процесс бірнеше уақытқа созылатын. Әкем асықпай, ізденіп, әрбір бөлігін дамытатын. Ал музыка дайын болғанда, алғаш болып оны еститіндер әрдайым анам екеуміз болатынбыз.

Хасанғалиевтер
Фото: Б. Хасанғалиевтің отбасылық мұрағатынан

— Ұрпағы демекші, атасының жолын қуған ұл-қыздарыңыз бар ма?

— Әрине, үш кішкентайым бар. Үлкен қызымның аты — Зере, 11 жаста, 9 жастағы Нұрсұлтан және кенжем Нұрескен. Зере мен Нұрсұлтан Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепте оқиды.

Балаларымды музыка саласын таңдауға мәжбүрлеп жатқан жоқпын. Бастысы, жақсы білім алуы керек. Ал егер қабілеті болып тұрса, өздері «музыкант болғым келеді» деп ұсыныс тастап жатса, әрине, қолдаймын. Таңдауы басқаға түссе, оған да қолдау білдіремін.

Хасанғалиевтер
Фото: Б. Хасанғалиевтің отбасылық мұрағатынан

 

Соңғы жаңалықтар