Біржан Оразов — футзалдан әлем чемпионатындағы ең жылдам голдың авторы
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының ойыншысы Біржан Оразовтың Испания қақпасына соққан добы футзалдан әлем чемпионаты тарихындағы жылдам соғылған гол деп бағаланды.
Алғашқы турда ел құрамасының Испаниямен кездесуінде Біржан Оразов небәрі 6-секундта қарсылас қақпашысын қапы қалдырып кетті. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Қазірге дейін ең жылдам голды 2008 жылы испаниялық Хави Родригес — 11, 2016 жылы ресейлік Данил Давыдов 12-секундта соққан еді.
Ел құрамасы одан кейін екінші турда 18 қыркүйекте Ливияны 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Нәтижесінде бір тур бұрын плей-офф сатысына жолдамаға қол жеткізді.
Енді 21 қыркүйекте Жаңа Зеландиямен шеберлік байқасады.
Аталған сында ел намысын Нарун Серіков, Леонардо Игита, Арнольд Кнауб, Ринат Төреғазин, Ақжол Дәрібай, Әбдірасул Әбдіманапұлы, Азат Валиуллин, Лео, Альберт Ақбалықов, Шыңғыс Есенаманов, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Жахангир Рашит және Дуглас Жуниор сынды спортшылар қорғайды.