Бішкектегі Кемел Тоқаев оқыған мектепке жазушының есімі берілетін болды

АСТАНА. KAZINFORM — Бішкектегі № 33 мектепке білім ошағының түлегі Кемел Тоқаевтың есімі берілетін болды, деп хабарлайды «Кактус.медиа».

Кемель Токаев
Фото: Kazinform

Бұл туралы Қырғыз республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов мәлім етті.

Аталған ақпаратты Қырғыз республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Койчиев те растап, Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырды.

— Президент Садыр Жапаровтың бастамасымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың есімі Бішкектегі мектеп-гимназияға берілді. Кемел Тоқаев — 1923 жылдың 2 қазанында Алматы облысының Қаратал ауданында туған. Қазақ жазушысы, қазақ прозасындағы детектив жанрының негізін қалаушы, — деді ол.

Бішкектегі Кемел Тоқаев оқыған мектепке жазушының есімі берілетін болды
Фото: facebook.com/koichiev.arslan

Садыр Жапаровтың Президентінің кеңесшісі Кемел Тоқаев пен аталған мектепті не байланыстыратынын былайша түсіндіреді.

— Ұжымдастыру жылдарында және соның соңын ала келген ашаршылық кезеңінде Кемел Тоқаевтың отбасы туған отанын тастап, қоныс аударуға мәжбүр болған және бірнеше жыл сол Фрунзе қаласында (қазіргі Бішкек — ред.) тұрған. Кемел Тоқаев осы жерде отбасынан айырылды. Жетімдер үйінде тәрбие алды. Ұлы Отан соғысы жылдарында тағдыр оны екінші мәрте Қырғызстанға келтірді. Фрунзе қаласындағы жаяу әскер училищесінде (қазіргі № 33 мектеп-гимназия) білім алып, сол жерден майданға шақыртылды, — дейді Койчиев.

Бішкектегі Кемел Тоқаев оқыған мектепке жазушының есімі берілетін болды
Фото: facebook.com/koichiev.arslan

Сонымен қатар, ол Қазақстан Президенті әкесі оқыған мектепке автобус сыйлағанын еске салады.

— Ол жауынгерлік ерлігі үшін «Совет Одағының Батыры» атағына ұсынылды. Бірақ қандайда бір себептермен ол атақ бұйырмады. Жуықта Қасым-Жомарт Тоқаев № 33 мектеп-гимназияға автобус сыйлады. Бұл сыйлық соғыс қаһармандарына, әкесі оқыған мектепке құрмет белгісі ретінде табысталды. Сондай-ақ, осы мектептің үздік түлектеріне Алматыдағы Қ.Сәтбаев университетінен ақысыз оқу үшін үш орын берілетіні мәлім болып отыр, — дейді Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі.

Бұған дейін Кемел Тоқаевтың Бішкектегі ауыр балалық шағы туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар