Бішкектегі мектеп асханасында он шақты бала тамақтан уланды
БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстан астанасындағы жекеменшік мектепте оқушылар мен мұғалімдер арасында жаппай тамақтан улану оқиғасы тіркелді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Бішкек қаласы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығының мәліметінше, улану 31 қазанда мектеп асханасында түскі асқа берілген шаурманы тұтынумен байланысты болған. Құсу, іш өту, іштің ауыруы және әлсіздік сияқты алғашқы белгілер тамақты жегеннен кейін бірнеше сағаттан кейін пайда болды.
Барлығы 84 адам зардап шекті, оның ішінде төрт мұғалім бар. Тамақтан уланған 79 адам Республикалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына медициналық көмекке жүгінді, ал бесеуі жеке медициналық орталықтарда емделді. Он бала мен екі ересек адам ауруханаға жатқызылды, ал қалғандары амбулаториялық ем қабылдап жатыр.
Мектеп әкімшілігіне бұзушылықтарды жою және мұқият дезинфекция жүргізу туралы санитарлық ұйғарымдар берілді, сондай-ақ айыппұл салынды.
Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осыған дейін Бішкекте 20-дан астам адам шаурмадан уланып қалғанын хабарлаған болатынбыз.
Ал Ақтөбеде суши жеткізу орнының аспаздарынан стафилококк анықталған.