Бішкектегі жанжал: Қазақстандағы шетелдік студенттер қалай қорғалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қырғызстандағы шетелдік студенттер мен жергілікті тұрғындар арасындағы жанжалдан кейін Қазақстанда қандай шаралар қабылданғанын айтты.

«Жалпы, Пәкістан мен Үндістаннан келген 12 мыңға жуық шетелдік студент бар. Шетел азаматтары білім алып жатқан университеттердің ректорларымен жиналыс өткіздік, яғни тек Пәкістан мен Үндістаннан келген студенттер оқитын университеттермен шектеліп қалмадық. Студенттер тұратын орындарда тәулік бойы кезекшілік белгіленді. Атап айтқанда, негізінен Үндістан мен Пәкістан азаматтары медициналық және инженерлік мамандықтарда білім алып жатыр», - деді С. Нұрбек Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Министр аталған елдерден келген шетелдік студенттер медициналық академияларда, сондай-ақ Астана халықаралық университетінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Көкшетау университетінде оқып жатқанын айтты. Қазір барлық жерде кезекшілік қойылған.
«Енді тек осы студенттермен ғана емес, біздің студенттермен де алдын алу іс-шараларын атқарамыз», - деді Саясат Нұрбек.
Еске салсақ, 18 мамырда Бішкекте шетелдіктер қатысқан жаппай төбелес болды. Ол 13 мамырда жатақхана қонақтары арасындағы жанжалдан басталған.
Бұл тұрғыда Қырғызстан президенті Бішкектегі оқиға жөнінде үндеу жасады.