БТА банк ісі: ұрланған «қашқындар» және ұшақтар құпиясы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовті 20 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған қоса, оның мүлкі тәркіленіп, 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды, үш жылға дейін банктерде кәсіби қызметпен шұғылдануына шектеу қойылды. Сондай-ақ, сот Әбілязовтің мүлкін: Алматыдағы үй-жайларын, Nissan маркалы автокөлігін және «БТА банкі» АҚ-дағы үш шотын мемлекет есебіне тәркілеуге қаулы шығарды.
None
None

Ұрланған «қашқындар»

Сотқа түсінік берген куәгерлер БТА банктің басшылық құрылымында жұмыс істеген қызметкерлерге Әблязовтің сенімді өкілдері тарапынан үнемі қауіп төнгенін ашық айтты. Әблязовтің маңайындағы адамдар тергеуден жасыру мақсатымен банктің қызметкерлерін ұрлап, шетел асырған. Алайда, кейбір қызметкерлер өз еріктерімен Қазақстанға оралды. Көбінесе олар Бішкек, Мәскеу және Киев қалаларын паналаған. Белгілі бір кезеңде Әблязов қашқындарға ақшалай көмек берген, сондай-ақ қорғаушылармен қамтамасыз етіп, тұрақты түрде нұсқау беріп отырған. Бірақ Әблязовтың қолдауы тоқтаған кезде банк қызметкерлерінің көпшілігі Қазақстанға қайтып оралып, тергеу органдарына жәрдем берді. Олар сотта БТА банктегі ақша ұрлаудың қылмыстық кестесі туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

Ұшақтардың құпиясы

Мұхтар Әблязов жалғанды жалпағынан басып өмір сүргенді қалаған. Әрине, бұл ешкімге құпия емес. Оның Америка мен Еуропадағы аса қымбат үйлерінің суреттерімен ешкімді таң қалдырмайтынымыз анық. Алайда сотта оның құны аса қымбат ұшақтарды сатып алғаны әшкереленді. Алғашқы сот отырыстарының бірінде айыптаушы тарап Әблязовтің жекеменшік ұшақ сатып алуына қатысты бірнеше қылмыстық кестені жариялаған еді. Әрине, әуе кемелерін ол БТА банктің ақшасына сатып алғаны белгілі. Бұған қоса, ұшақтар оқиғасына жұрттың назарын аудара түскен жайттың бірі, Әблязов өзі сатып алған ұшақтарын жалға беріпті.

2005 жылы БТА банк «қарыз беру» деген желеумен шетелде тіркелген «Сирия Альянс ЛТД» оффшорлық компаниясына бірнеше траншпен 10,6 млрд. теңге аударады. Бұл ақша арнайы құрылған DCM компаниясының көмегімен аударылады. DCM арқылы үш ұшақ сатып алынады, ал 2006 жылы «Сирия Альянс ЛТД»  оларды Әблязовтің басқа бір жалған компаниясы - «Экселлент Глайд»-тің иелігіне береді. Соңғы компания өз кезегінде ұшу рейстерін жүзеге асыруға БТА банкпен келісім жасайды. Яғни, сатып алынған ұшақтар  «Сирия Альянс ЛТД»-ға берілген несиені қамтамасыз етудің рөлін атқарады. 2007 жылы БТА банк әуе компаниясына тасымалдау қызметі үшін 923 млн.теңгеге жуық ақша аударады, ал 2008 жылы - 1,1 млрд. теңге аударады. 2009 жылдың басында БТА банк  «Сирия Альянс ЛТД»-ға берілген қарызды қамтамасыз ету мақсатында ұшақтардың орнына соя бұршағын қабылдап алады.

Қаржылық құйтырқылықтың ауқымды жоспары

Алаяқтық әрекеттердің нәтижесінде акцияларға жасанды түрде сұраныс артып, олардың биржадағы өтімділігі қамтамасыз етілген. Басқаша айтқанда, қылмыстық топ банктің табыстылығы туралы ертегіге елді сендіре білген. Ал инвесторлардан алған ақша несиеге жұмсалады деген желеумен шетелдерге аударылған. Қаржылық құйтырқылықтардың нәтижесінде банктің капиталы 304,5 млрд. теңгеге өседі. Банктен алған ақшаны оффшорлық компаниялар Әбіләзовтің өзіне бағынышты компаниялардың және ол құрған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің шетелдегі компанияларының шотына жіберіп отырған. Тергеудің мәліметтері бойынша, мемлекетке келтірілген  жалпы шығынның көлемі 7,5 млрд. АҚШ долларынан асады.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар