11:05, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
«БТА Банк» салымшыларының қобалжуына негіз жоқ
Астана. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат/ -Нарықта «мемлекет – ең нашар менеджер» деген жақсы мәтел бар. Қалыпты нарықтық қатынастар жағдайында тауып айтылған сөз болғанымен, дәл бүгінгідей әлемді жайлаған қаржы-экономикалық дағдарыста бұл мәтел уақытша болса да, кері мағынаға ие болып отыр. Өйткені, сыртқы экономикалық ықпалдар ішкі экономикалық тұрақтылыққа айтарлықтай қауіп төндіріп, оған отандық субьектілер өз күшімен қарсы тұра алмайтыны айқындалғанда, тізгінді мемлекеттің қолға алуы әлемде бұрыннан бар тәжірибе.
Елінің әлеуметтік-экономикалық бақуаттылығын ойлаған мемлекет осылай істеуге міндетті. Осы айдың басында мемлекеттің елдегі ең ірі, жүйе құрушылар қатарына жататын «БТА банк» пен Альянс банкті иелігіне алуы біз жоғарыда айтқан мәселенің айқын мысалы. Аталған банктердің төңірегіндегі жағдай, дәлірегі олардың қаржылық қызметінде туындаған қиындықтар сол қаржы институттарын тығырыққа тіреді. Банктер іс жүзінде өз клиенттерінің есеп-шоттары бойынша сұраныстарын қанағаттандыра алмайтын халге жеткен және бұл бір күннің емес, бір жыл бойы қордаланған проблемалардың жемісі болып отыр. Мәселен, Қаржы нарығын қадағалау агенттігі «БТА банкінің» кредиттік қоржын сапасы нашарлай бастағанын былтырғы жылы-ақ аңғарған. Мысалы, 2008 жылдың басында Агенттік банктердің қызметіне инспекциялық тексерулер жүргізген және оның барысында «БТА банкінде» бірқатар айтарлықтай проблемалар анықталған. Алайда, банк мұрсат сұрап, проблемаларды жоюға міндеттеме алғанымен, былтырғы қазан айындағы қайыра тексеру «БТА банкінің» тәуекелі жоғары жобаларды кредиттеу бойынша қалыптасқан теріс үдерісі жалғасып жатқанын көрсетті. Тағы назарға алатын жайт, банктің резидент еместерге берген қарыздары ссудалық қоржынының шамамен 47 пайызын құраған. Кредиттердің ауқымды бөлігі Ресейдегі, сондай-ақ ТМД елдеріндегі жылжымайтын мүлікпен байланысты жобаларды қаржыландыруға берілген. Қаржы нарығыны қадағалау агенттігі қазір ТМД елдеріндегі жағдай да нашарлап бара жатқандықтан, мұндай жобаларға салынған қаржының қайтарымы күрт төмендейтінін айтады. Бұған енді халықаралық қарыз көздері іс жүзінде жабылғанын қоссақ, банкке сырттан инвестиция келу мүмкіндігі де нөлге теңелгенін көреміз. Ал банк соңғы екі айда өз клиенттерінің бірнеше төлем аманаттарын орындай алмаған. Яғни, банк шын мәнінде төлемпаздық қабілетінен айырыла бастаған. Басқаша айтқанда, дефолттың алдына тұр. Ал мұндай ірі банктің дефолтқа ұшыраса, оның салдары орасан болмақ. Бірінші кезекте, банктің ірілі ?ұсақты клиенттері, бірнеше мыңдаған салымшылары, шағын және орта бизнес, түпкі нәтижеде халық жапа жекпек. Сол себепті де бұл мәселені шешуге мемлекет араласып, қомақты қаржы салуға мәжбүр болды. Өйткені, мемлекет үшін жекелеген біреулердің амбициясы емес, халықтың мүддесі жоғары. Әлбетте, мемлекеттің банкті бақылауына алып, қаржы құюымен жыл бойы қордаланып қалған проблемалары шешіле салған жоқ. Бұл жерде мемлекеттік капиталға байланысты банк төңірегінде қолдан жасалған «қобалжулар» да «жығылғанға жұдырық» болып жатқаны шындық. Мұны кеше «Хабар» арнасына берген сұхбатында БТА банктің директорлар кеңесінің төрағасы Арман Дунаев та айтты. Банк басшысы проблемалар бір күнде шешіле салмайды дегенімен, бәрі біртіндеп оңдалатынына нық сенім білдіріп отыр. «... Проблемалар әлі де бар. Бұл біз кезігіп отырған, өткеннен қалған мұра және бізге оны ағымдағы кезеңде шешуге тура келеді», деді А. Дунаев сұхбатында. Ол сондай-ақ қазіргі салдарлардың жауапкершілік жүгі белгілі бір деңгейде банктің бұрынғы басшысы М. Әбіләзовке де түсетінін айтты.
Расында да, жиналып қалған проблемалар бір күнде шешілмейді. Ол мүмкін де емес, бірақ ең бастысы, «дерттің» алдын алуға, одан әрі сауығуға қажетті «вакцина» егілді. Мұны осы саланың басында жүрген басшылар да бірнеше рет атап көрсетті. Сонымен, мұндай тәжірибенің әлемде бар екенін жоғарыда айттық. Мысалы, өткен қаңтар айында ғана АҚШ-тың өзі американдық 39 банкке қосымша қолдау ретінде 1,5 миллиард доллар бөлді. Тағы бір жарқын мысал- қаржы дағдарысынан былтырдың өзінде күйзеліске ұшыраған Англияның Northern Rock банкіне орталық банк көмек ретінде 50 миллиард долларға дейін несие бөлді. Ақыр соңында үкімет национализациялауды ұсынып, Ұлыбритания парламенті Northern Rock банкін мемлекет иелігіне өткеру жоспарын мақұлдағаны мәлім. Сондықтан, бұл жерде мемлекеттің банк капиталына кіруінен біреулер айтып, тырысып жүргеніндей, әсіре қобалжу жасаудың қажеті жоқ. Қайта халық, банк салымшылары қазіргідей әлемдік ауқымдағы дағдарыс жағдайында өз қаржысы ең сенімді қол ? мемлекеттің қарауына өткеніне қуануы керек сияқты. Өйткені, бұл уақытша шара екені, жағдай қалыпқа түскесін, мемлекет өз үлесін нарықтық бағамен қайта сататыны әу баста-ақ айтылған. Бұған мемлекеттің өзі де мүдделі.