17:35, 28 Қазан 2009 | GMT +5
БТА банкіндегі депозиттерге төніп тұрған қауіп жоқ - Елена Бахмутова
АНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - БТА банк кредиторлары қандай жағдайда болмасын өз қаржыларына алаңдамауларына болады.

Банкке қатысты жағдай қалай қалыптасқан күнде де жекелеген тұлғалардың депозиттері толық қорғалатын болады. Бұл туралы бүгін Астанада он-лайн режімінде өткен конференция барысында ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, банкке қатысты жағдай тығырыққа тірелетін болса, тұрғындардың депозиттері толық көлемде басқа бір банктің есебіне өтеді немесе депозиттер кепілдендіру қорының есебінен толығымен иелеріне қайтарылады. «Баршаға мәлім, бұл қордың көлемі өткен жылы 5 миллион теңгеге дейін арттырылған болатын. Менің ойымша, қазір бізде соңғы шараны қолданатындай қауіп жоқ», деді агенттік төрайымы.