12:39, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
БТА Банкінің капиталына кіруге ниетті Ресей Жинақбанкі стратегиялық инвестор ретінде қаралуда - Үкімет отырысы
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Самұрық-Қазына» қоры БТА Банкінің капиталына кіруге ниетті Ресей Жинақбанкі секілді ірі инвестормен келіссөздер жүргізуде.

Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен брифингте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры арқылы БТА Банктің 78,14 пайыз қарапайым акциясын сатып алу туралы шешім қабылданды.
Премьер-Министр К. Мәсімовтің айтуынша, БТА Банкі бойынша қабылданған қаулының нәтижесінде «Самұрық-Қазына» қорының үлесін қалыптастыру 78,14 пайыз деңгейінде болады. Бұл орайда қазіргі акционерлердің үлесі акциялар санын сақтап қалу арқылы 21,86 пайыз деңгейіне дейін төмендейді. Аталған шара БТА Банктің қосымша қор деңгейін қалыптастыру, банк салымшылары мен кредиторларының мүддесін қорғау, және ҚР-дағы банк жүйесінің және банктің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажеттілік болып табылады.
«Біз алдын ала Ресей Жинақбанкі секілді ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізудеміз. Жалпы мемлекет жүйе құраушы банктердің құрамында қалуға ниетті емес, сондықтан банк тұрақты траекторияға шықса, мемлекет акционерлер құрамынан 5 жылдың ішінде шығуды жоспарлап отыр», деді Қ. Келімбетов брифингте.