БТА банкті Ресей Жинақ банкіне сату туралы келіссөздер қыркүйек айында қайта жалғасады - Қайрат Келімбетов

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ресей Жинақ банкі БТА банкті сатып алуға қызығушылық танытқан болатын. Алайда сыртқы қарыздың ауқымдылығынан, қайта құрылымдау аяқталғанға дейін тоса тұруды шешкен еді.
«Бұған дейін БТА банктегі басты мәселе - сыртқы қарызды құрылымдау болса, ендігі мәселе инвестор іздеу. Бұл бағытта қыркүйек айының басында Ресей Жинақ банкінің басшылығымен келіссөз жүргізетін боламыз», деді Қайрат Келімбетов. Оның айтуынша, банкті сату бойынша кредиторлар комитетімен арнайы келісім бар. «Бұл келісім бойынша банк капиталы 7 миллиардтан асатын, рейтингі жоғары банкке сатылуы тиіс. Бұл АҚШ немесе Еуропа, сондай-ақ Ресейдің Жинақ және Қытай банктері болуы тиіс. Жалпы біздің болжамымыз бойынша, біз ұсынып отырған бағаға банкті сатып алушы 3-4 жылдың көлемінде табылуы тиіс. Әйтсе де, біз 3-4 жылға жеткізбей банкті сатуды көздейміз», деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы. Оның айтуынша, жақын уақытта БТА банк пен қатар Альянс, Темір банк те жаңа иесін табуы мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет тарапынан дағдарыс кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін банктердің акцияларына ие болуы уақытша екендігі айтылған болатын. Қазір 3 банкте де құрылымдау аяқталып, қаржылық жағдай тұрақтандырылған соң осы уәде орындалмақ.