Бітімгерлік миссия: Голан жотасына баратын әскерилерге екі жерден айлық төленеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгерлік контингенті сапында Таяу Шығыстың Голан жотасында қызмет атқаратын әскерилерге қанша айлық төленетінін мәлім етті.

«Бітімгершілік контингенттің әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі тарапынан қызмет өткерген әр ай сайын үш айлық көлеміндегі жалақымен қамтамасыз етіледі», - делінген жауапта.
Демек, контингент сапындағы әр әскери Голан жотасында болған кезеңде Қазақстан аумағында алып жүрген айлығынан үш есе көп алады деген сөз.
«Сондай-ақ, БҰҰ-ның тарапынан әр ай сайын әр бітімгерге 1448 АҚШ доллары төленетін болады», - деп жазылған жауапта.
Еске салайық, 19 қаңтар күні Парламент қазақстандық әскерилердің БҰҰ миссияларына қатысу туралы Жолдауын мақұлдады.
Аталған ұсыныс бойынша, Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгерлік контингенті мына нысандарға:
• Бірінші — Голан жотасында бөліну процестерін бақылау күштеріне;
• Екінші — бітімге келу шарттарының орындалуын байқау органына;
• Үшінші — Оңтүстік Судан Республикасындағы миссияға;
• Төртінші — әуедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету уақытша күштеріне қатысу үшін жалпы саны 430 адамнан аспайтын контингентті жіберу көзделіп отыр.