«Бұдан жоғары нәтиже күткен едік»: федерация төрағасы жанкүйерлерден кешірім сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — 1 қарашада Астана қаласындағы «Барыс Арена» спорт кешенінде күрестен Әлем чемпионатының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Тоғыз күнге созылған дүбірлі додаға әлемнің 135 елінен 900-ден астам спортшы қатысып, 30 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды.
Салтанатты рәсімде сөз алған Біріккен күрес әлемінің (UWW) президенті Ненад Лалович Астанада өткен чемпионаттың ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Ол Қазақстанның небәрі 4-5 айдың ішінде осындай ауқымды халықаралық жарысты өткізуге дайындалып, барлық ұйымдастырушылық міндетті жоғары деңгейде атқара алғанын ерекше атап өтті.
— Бұл ерекше әлем чемпионаты болды. Жарыстың қаншалықты жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына барлығымыз куә болдық. Осы ауқымды доданың өтуіне атсалысқан әрбір азаматқа шынайы алғысымды білдіремін. Бүгін чемпионат өз мәресіне жеткенімен, әлемдік күрестің тарихында тағы бір жарқын белес болып қалмақ. Астанада өткен бұл біріншілік баршамыздың есімізде ерекше әсерімен, жылы естеліктерімен сақталатынына сенімдімін, — деді Ненад Лалович.
Осыдан кейін UWW президенті Әлем чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасовқа халықаралық ұйымның атынан арнайы естелік сыйлық пен чемпиондарға арнап тігілген RUDIS компаниясының жейдесін табыстады.
Айта кетейік, мұндай марапат Қазақстанның күрес тарихында алғаш рет беріліп отыр.
Өз кезегінде Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов чемпионатты ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, ұлттық құраманың жарыстағы нәтижесіне қатысты өз ұстанымын ашық жеткізді. Ол қазақстандық балуандардан бұдан да жоғары көрсеткіш күткенін айтып, алдағы уақытта спорттық нәтижені жақсарту федерация жұмысының басты міндеті болатынын атап өтті.
— Отандық балуандардың Әлем чемпионатында көрсеткен нәтижесіне көңілім толмайды. Біз бұдан жоғары көрсеткіш күткен едік. Ал чемпионатты ұйымдастыру тұрғысынан Астана өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Спорттық нәтижелер үшін федерацияның атынан барша жанкүйерден кешірім сұраймын. Біз жұмысымызды енді бастап жатырмыз. Алдағы уақытта спортшыларымыздың нәтижесін жақсарту үшін бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын. Бұл менің ғана емес, бапкерлер мен балуандардың да ортақ мақсаты. Бізді қолдап, тоғыз күн бойы жанкүйер болған баршаңызға мың алғысымды білдіремін! — деді Еркін Қадырғалиұлы.
Салтанатты жабылу рәсімінде Әлем чемпионатының ауыспалы туы 2027 жылғы біріншілікті қабылдайтын АҚШ делегациясының өкілдеріне табысталды. Осылайша, тоғыз күн бойы әлемдік күрес қауымдастығының назарында болған Астанадағы чемпионат ресми түрде аяқталды.
Қазақстан күрес федерациясы алдағы уақытта ұлттық құрамалардың дайындығын күшейтуге, бапкерлер мен спортшылардың жұмысын жетілдіруге және халықаралық жарыстардағы нәтижені жақсартуға басымдық береді.
Осыған дейін Қазақстан балуандары күрестен әлем чемпионатын бес медальмен қорытындылағанын жаздық.