Будапештегі бәтуаласу: Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті қалай өтті

АСТАНА. KAZINFORM - Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті қорытындыланды. Алқалы жиынның «Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс» аталуы да, оның ұйымға мүше елдердің бірінде емес, сонау Еуропадағы Мажарстан жерінде өтуі де бекер емес. Бейне бір ұйым болашақта қанатын кеңге жайып, іргесін бекемдеуді мақсат ететінін меңзеп тұрғандай. Ал бұл саммиттің маңызы мен мәнін Kazinform агенттігі зерделей отырып, оқырман назарына шолу ұсынады.

 ТМҰ-ның бейресми саммиті
Фото: Ақорда

Байланыс беки түседі

Қазақстан Президенті Будапешке 20 мамыр күні барды, 21-і күні бейресми саммитке қатысты. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.

— Бүгін бәрімізді түбі бір түркі бауырларым деп құшақ жая қарсы алып жатсыздар. Мұны, шын мәнінде, мызғымас достығымыздың айқын көрінісі деп санаймын. Біз ынтымағы жарасқан елдеріміздің бірлігін бекемдеп, тамыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап келеміз, – деді Президент.

Бұндай саммит Мажарстанда тұңғыш рет өтіп жатқанын, оның үстіне жаһандық күн тәртібінде қарулы қақтығыстар, түрлі санкциялар соғысы тұрған шақта ұйымдастырылғанын ескерсек, оның әдеттегіден де өзекті, маңызды жиын болғанын түсінеміз.

Мұны Мемлекет басшысы: «Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс» атауымен ұйымдастырылған саммит алып құрлықтың ұлан-ғайыр аумағын иеленіп жатқан түркі елдерінің мүддесіне, стратегиялық мақсат-міндетіне сай келеді. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың мәні тіпті артты, - деп атап өтті.

Мемлекет басшысы соңғы кездегі тарифке қатысты оқиғалар жаһандық сауда саясатындағы өте үлкен өзгерістерге себеп болғанына назар аударды. Мұндай дағдарыстар түрлі сын-қатер тудырумен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын алға тартып, өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, цифрландыру сияқты бағыттар бойынша бірлесе әрекет етуді ұсынды.

 ТМҰ-ның бейресми саммиті
Фото: Ақорда

– Елдеріміз арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард долларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең, – деді ол.

Сондай-ақ Президент сауда-саттықты дамыту үшін арнайы құжат әзірлеуді ұсынды.

Сауда және экономикалық интеграция

Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында түркі елдері аймағының 175 миллион халқы мен 4,5 млн км² аумағы бар ірі әрі болашағы зор нарық екенін атап өтті. Бұл нарықтың жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2,1 триллион доллардан асып, 2024 жылы тауар айналымы 1,1 триллион долларға жеткен.

ТМҰ-ның бейресми саммиті
Фото: Ақорда

— Шығыс пен Батыстың арасында орналасқан, стратегиялық маңызы бар бұл аймақ сауда көлемін арттыруда зор әлеуетке ие. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ТМҰ елдерінің жиынтық сыртқы сауда көлемі шамамен 850 миллиард АҚШ долларын құрады, ал ішкі сауда айналымы 7%-ға жетті. Бұл көрсеткіш бірнеше жыл бұрын бар болғаны 3% еді. Біздің келесі мақсатымыз — бұл көрсеткішті 10%-ға жеткізу, — деді К.Омуралиев.

Кубанычбек Омуралиев
Фото: ТМҰ баспасөз қызметі

Ол сондай-ақ 2022–2026 жылдарға арналған ТМҰ стратегиясы және «Turkic World Vision – 2040» құжаты аясында бейінді министрліктер мен мекемелер арқылы экономикалық өзара іс-қимыл жүйесі құрылғанын еске салды. Түркі сауда-өнеркәсіп палаталарының одағы, Сауданы жеңілдету комитеті белсенді жұмыс атқарып жатыр, мәселен 600 миллион доллар капиталы бар Түркі инвестициялық қоры құрылды.

— Цифрлық экономикалық серіктестік туралы келісім электрондық сауданың дамуына және ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы цифрлық операцияларға деген сенімді нығайтуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, ТМҰ экономикалық мәселелер бойынша министрліктер және сарапшылар деңгейінде тұрақты кездесулер өткізіп тұрады. 2025 жылдың маңызды оқиғасы ретінде Түркістан облысында «TURANSEZ» арнайы экономикалық аймағының ашылуын айтуға болады. Бұл жаңа экономикалық өзара іс-қимылдың орталығына айналады, — деді ТМҰ Бас хатшысы.

Бағдат Әміреев
Фото: Бағдат Әміреев жеке архивінен

Қаржы саласындағы ынтымақтастық туралы Түркі инвестициялық қорының (ТИҚ) президенті Бағдат Әміреев айтып өтті. Ол Kazinform-ға берген эксклюзивті пікірінде қор Түркі мемлекеттері арасындағы бірлескен жобалар мен инвестицияларды қаржыландыру арқылы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

— Қор түркі елдеріндегі инфрақұрылым, энергетика, көлік және цифрлық экономика сияқты салаларда ұзақмерзімді қаржыландыру көзі бола алады, — деді Б. Әміреев.

Сонымен қатар, қор шағын және орта бизнесті қаржыландыру арқылы кәсіпкерліктің дамуына, жұмыс орындарының құрылуына және аймақтағы экономикалық белсенділіктің артуына ықпал етеді. Ол «жасыл» жобаларды, цифрлық трансформацияны және инновацияларды қолдау арқылы орнықты дамуға жәрдемдесе отырып, аймақтың инклюзивті өсім бағытымен ілгерілеуіне мүмкіндік береді.

— Бірлескен инвестициялар мен трансшекаралық жобаларды қаржыландыру арқылы ТИҚ ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық өзара байланысын нығайтады, жеке шетелдік инвесторлар үшін сенімділік пен тұрақтылық кепілі ретінде әрекет етіп, сырттан капиталдың тартылуын ынталандырады, — деп толықтырды қор басшысы.

 

Өткен саммитте Түркі мемлекеттерінің орталық банктер кеңесін құру туралы келісімге қол жеткізілген болатын. Бұл бастама Қазақстан Президентінің ұсынысымен ТМҰ-ға мүше елдердің орталық банктері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, төлем жүйелерін дамыту және цифрлық қаржы инновацияларын енгізу мақсатында жасалған. Кеңестің алғашқы отырысы жақын арада Астанада өтетін Халықаралық форум аясында ұйымдастырылмақ.

— Отырыста ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасының қазіргі жағдайы, ақша-несие саясатының негізгі бағыттары, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары, төлем жүйелерінің дамуы, орталық банктердің цифрлық валюталарын енгізу келешегі, финтех (fintech) саласындағы ынтымақтастық және басқа да мәселелер талқыланады. Осылайша, Кеңес қаржы саласындағы саясатты үйлестіруге арналған тұрақты платформаға айналады, бұл өз кезегінде ТМҰ елдерінің макроэкономикалық тұрақтылығын және экономикаларының өзара байланысын күшейтеді, — деді ТМҰ Бас хатшысы К.Омуралиев.

Көлік және логистика

Саммитте Қазақстан Президенті тағы бір маңызды тақырыпты қозғады. Атап айтқанда мұнай, газ, уран және тағы да басқа тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру үшін Ұйымның әлеуетін пайдалану қажет екеніне назар аударды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта халықаралық сарапшылар Транскаспий мұнай және газ құбырларын салу бастамасын талқылап жүргенін атап өтіп, мұндай жобалар өте ауқымды және трансұлттық деңгейдегі ықпалдастықты талап ететінін жеткізді.

Бұл тақырыпқа қатысты ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев те жақсы болжам айтты: «Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сияқты инфрақұрылымдық жоба — Еуропа мен Азия арасындағы жылдам әрі тиімді сауда жолы. Одан әрі инвестиция құйылса, 2030 жылға қарай оның өткізу қабілеті жылына 11 миллион тоннаға жетуі мүмкін».

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Шығыс пен Батыстың арасындағы негізгі көпірге айналдыруды стратегиялық міндет ретінде атады. Президент еліміз Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру, жүк транзитін жеңілдету үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын, сондай-ақ Қазақстан-Қытай шекарасында үшінші темір жол бекетін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерді ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша халықаралық көлік қатынасын дамытуға шақырды. Аталған жоба түркі елдерінің өңірлік транзит хабы ретіндегі рөлін едәуір нығайтады.

Сөз арасында Мемлекет басшысы Қазақстаннан Еуропа бағытында мұнай жеткізуді арттыру жобасын қолдағаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтуды ұмытпады.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Аскар Исмаилов бұл бастама уақтылы көтеріліп отырғанын және стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті, себебі ол Қазақстанға дәстүрлі «тар өткелдерді» айналып өтіп, еуропалық нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік береді.

 ТМҰ бейресми саммиті
Фото: Ақорда

— Мұндай жобалар кең ауқымда халықаралық үйлестіруді, ірі инвестицияларды және барлық қатысушылар тарапынан ұзақ мерзімді міндеттемелерді талап етеді. Мысалы, Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты Ақтау хаттамасын еске алсақ та жеткілікті. Ең бастысы, Мемлекет басшысы бұл тақырыптарды халықаралық алаңдарда көтеріп жүр. Бұл — инвесторлар мен серіктестерге Қазақстан жаңа инфрақұрылымдық жобаларға дайын және ынтымақтастыққа ашық деген белгі. Оның ішіне ТМҰ-ға кірмейтін, бірақ Қазақстандағы осындай жобаларға қатысуға ниетті елдер де бар, — деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, еліміз қазіргі таңда санаулы транзиттік бағыттарға тәуелді және бұл мәселені шешу қажет.

— Қазіргі әлемдегі геосаяси жағдай мен көрші елдерге жасалып жатқан санкциялық қысым жағдайында Каспий, Әзербайжан, Түркия арқылы Еуропаға балама бағыттарды дамыту — бұл ең алдымен Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі үшін қажет, — деп атап өтті А. Исмаилов.

Асқар Исмаилов
Фото: Kazinform

Геосаясат және жауапкершілік

Таяу Шығыстағы тұрақсыздыққа байланысты түркі мемлекеттері бірлескен мәлімдемелер арқылы гуманитарлық апаттарға қатысты алаңдаушылық білдіріп, мәселені халықаралық құқық тұрғысынан реттеуді талап етіп жатыр. Мұндай ұстаным ТМҰ-ның экологиядан бастап қауіпсіздікке дейінгі жаһандық мәселелерге араласып, белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді.

Шушада өткен бейресми саммит осы бағыттағы жұмыстың негізін қалады. Өткен жылы өткен ресми саммитте Карабах декларациясы сияқты бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды, бұл ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастап берді.

Будапештегі саммит аясында ҚР Президенті әлемде жиілеген табиғат апаттарына қарсы тұру үшін күш жұмылдыру мәселесі аса өзекті екенін айтты. Ол Каспий теңізі деңгейінің айтарлықтай төмендеуін мысалға келтіріп, бұл экологияға, экономикаға және халықтың өмір сүру сапасына кері әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы түркі елдерін бірлескен зерттеулер жүргізуге және ортақ экологиялық шешімдер әзірлеуге шақырды. Сондай-ақ, ТМҰ мен Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының өзара әрекеттестігін жолға қою ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада Қазақстанның ТМҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі ашылатынын және 11–12 маусымда Астанада Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтетінін хабарлады.

Саммит қорытындысы бойынша ТМҰ-ның Будапешт декларациясына қол қойылды. Бас хатшының айтуынша, бұл құжат — аймақтық экономикалық интеграцияны нығайтуға арналған нақты жол картасы. Ол сауданы кеңейтуді, кедендік рәсімдерді үйлестіруді және Орта дәліз бен Трансқаcпий бағыттары бойындағы заманауи инфрақұрылымды дамытуды көздейді.

 ТМҰ бейресми саммиті
Фото: Ақорда

Сондай-ақ, декларацияда технологиялық ынтымақтастыққа, соның ішінде цифрландыруға, трансформацияға, стратегиялық шикізат ресурстарына, бірлескен ғылыми зерттеулер мен инновацияларға ерекше назар аударылған. Жасыл энергетикалық дәліздер саласындағы прогрестің маңыздылығы аталып, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықаралық құқықты қорғау және Ауғанстандағы жағдай сияқты өзекті геосаяси мәселелерге қатысты үйлестірілген әрекеттің маңыздылығы көрсетілген.

Сонымен қатар, Саммит аясында Мемлекет басшылары кеңесінің Ауғанстан мәселесі жөніндегі мәлімдемесіне және Өзбекстан Республикасының Түркі мәдениеті мен мұрасы қорына қосылуы туралы шешімге қол қойылды. Биыл Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы, ал маусым айынан бастап Алматы ТМҰ-ның жастар астанасы болып жарияланды.

— Ақыр соңында, ТМҰ-ның мақсаты — көпвекторлы ынтымақтастық негізінде мықты әрі біртұтас Түркі әлемін құру. Біз бұл жолда «Күш — бірлікте» ұранымен сенімді түрде алға басып келеміз, — деді ТМҰ Бас хатшысы К. Омуралиев.

ТМҰ елдерін ежелден ортақ мәдени және тарихи мұра біріктіреді. Қазіргі уақытта ұйым құрамында 5 мүше мемлекет және 4 бақылаушы ел бар. Өткен жылдың қазан айында Анкарада ТМҰ-ның 15 жылдығы аталып өтті.

— Осы қысқа, бірақ маңызды кезеңде біздің елдер арасындағы ынтымақтастық сыртқы саясат пен саудадан бастап цифрлық трансформация, жасанды интеллект және тұрақты даму сияқты 35 бағытта дамыды. Ұйым өзінің институционалдық базасын да нығайтты: Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы, Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы және жаңадан құрылған Түркі инвестициялық қоры жұмыс істейді, — деді К. Омуралиев.

ТМҰ-ның халықаралық серіктестермен байланысы да белсенді дамып келеді: БҰҰ, ИЫҰ, ЭЫҰ, ИСЕСКО және басқа ұйымдармен меморандумдар жасалды.

— ТМҰ-ның басты құндылығы — бұл тек саяси-экономикалық форматтар ғана емес, ортақ тарих, тіл мен дәстүрге негізделген бауырластық. Дәл осы ынтымақтастық пен өзара көмек рухы түркі интеграциясын терең әрі тұрақты етеді, болашаққа бағыттайды, — деп атап өтті Бас хатшы.

Осы тұрғыдан алғанда ТМҰ-ның бейресми саммиттері стратегиялық ұстанымдарды нақтылау алаңы ретінде барған сайын маңызы артып келеді.

Оңтүстік Кавказды зерттеу орталығының директоры Фархад Мамедовтың айтуынша, бейресми саммит форматы бұрыннан келісілген бағыттар бойынша ілгерілеуді бағалауға қызмет етеді. Бұл геосаяси тұрақсыздық жағдайында өте маңызды, себебі үйлесімділік пен жедел әрекет интеграциялық табыстар мен аймақ тұрақтылығының кепілі болып отыр.

— Бейресми саммит шешім қабылдауға арналмаған, ол қабылданған шешімдер бойынша келіссөздер өткізуге, олардың динамикасын бақылауға және іске асыруға кедергі келтіретін мәселелерді талқылауға бағытталған. Қазіргі әлемдегі және көрші аймақтардағы жағдайды ескерсек, мұндай кездесулер мемлекеттердің өз көзқарасын білдіруі үшін маңызды, — деп атап өтті сарапшы.

Будапешт саммиті ТМҰ елдері басшыларының кездесулері саяси үйлесім мен өзара түсіністіктің тиімді құралына айналғанын көрсетті. Бүгінде Түркі әлемі тек ішкі ғана емес, сыртқы ойыншылармен де бағыттас екенін айқындап, әлеммен бір «тілде» — экономикалық, цифрлық және дипломатиялық тілде сөйлесуге ұмтылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар