Будапешттегі турнир: Әлішер Ерғали мен Юсуп Батырмурзаев финалға шықты

Еркін күрес
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен рейтингілік турнирде қазақстандық екі балуан финалға жолдама алды. 

Жартылай финалда Юсуп Батырмурзаев (125 келі) грузиялық Гено Петриашвилиден басым түссе, тағы бір отандасымыз Әлішер Ерғали (97 келі) әзербайжандық Магомедхан Магомедовті жеңді. Ал, Ризабек Айтмұқан (97 келі) қола жүлдеге таласады. Оның қарсыласы – словакиялық Батырбек Цакулов. 

Финалдық кездесу Астана уақытымен 20:00-де басталады. 

Ертең, 7 маусымда еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 келі) бозкілемге шығады. Сондай-ақ лицензиялық турнирде еліміздің атынан грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов, Шәміл Ожаев (86 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі) сайысқа түседі. 

Әйелдер күресінен құрама санында Эмма Тисина мен Марина Седнева (55 келі), Диана Каюмова мен Ирина Кузнецова (59 келі), Ирина Казюлина (65 келі) және Жәмила Бақбергенова мен Гүлмарал Еркебаева (72 келі) бақ сынайды. 

ҚР Күрес түрлері федерациясының баспасөз хатшысы Аспандияр Есенжоловтың айтуынша, рейтингілік турнир Олимпиада алдындағы соңғы сынақ болып отыр. Бұдан кейін қорытынды рейтингі шығарылады. Соның негізінде Олимпиада жеребесі тартылады. Рейтингіде жоғары тұрған балуандар аз ұпай жинаған қарсыласымен кездеседі. Бұл жөнінен Азамат Дәулетбеков бірінші орында келеді. Қалған спортшылар ұпай қорын молайтуы тиіс. 

Айта кетсек, Қазақстан дзюдо федерациясы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Париж Олимпиадасының қатысушысын анықтау мақсатында іріктеу белдесуін өткізетінін хабарлады.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum