Буэнос-Айрес-Франкфурт рейсінің 11 жолаушысы турбуленттілік салдарынан жарақат алды
АСТАНА.KAZINFORM – Алдын ала болжам бойынша Boeing 747-8 типті ұшағы кенеттен әуе шұңқырына түсіп кеткен. Lufthansa әуе компаниясының бес жолаушысы мен алты экипаж мүшесі жеңіл жарақат алған. Бортта барлығы 329 жолаушы мен 19 экипаж мүшесі болды, деп жазады BILD.
Зардап шеккендерге Франкфуртке қонғаннан кейін дереу медициналық көмек көрсетілді. Ұшқыш қонар алдында медициналық көмек сұраған.
Lufthansa турбуленттілікке қарамастан, ұшақтың өзіне ешқандай қауіп төнбегенін мәлімдеді.
– Ұшу қауіпсіздігіне ешқандай қауіп төнген жоқ, - деп атап өтті компания өкілі.
Әуе компаниясы келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрады.
Компанияның мәліметінше, ұшақ тропикалық конвергенция аймағы арқылы ұшып келген. Бұл – осы аймақта ұшып өту керек экваторлық төмен қысымды аймақ.
– Аталған аймақта турбуленттілік тудыруы мүмкін ауа ағындары бар, - деп түсіндірді әуе компаниясының өкілі.
Бұған дейін америкалық Spirit Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағына Гаитиге қонар алдында оқ жаудырылғанын хабарлаған едік.