Бұған дейін елімізде реформалар дәл осындай кең ауқымда талқыланбаған - Уәли

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласындағы Абай атындағы кітапханада «Қаладан – ауылға» өңірлік форумы басталды.

Бұған дейін елімізде реформалар дәл осындай кең ауқымда талқыланбаған - Уәли
Фото: Абай облысы әкімдігі

Ауқымды шараға облыс әкімі Берік Уәли, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, «Amanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Парламент Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Қайрат Көшенов, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, ауылдық округтер мен кент әкімдері, басқарма басшылары, ірі шаруа қожалықтарының жетекшілері, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының өкілдері қатысуда. Форумға 500-ден астам адам жиналды.

Аймақ басшысы форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан саяси реформалар аясындағы жаңа Конституция терең сараланған, әлемдік үздік тәжірибелерді ескерген, ұлттық мүдде мен адам құқығын толық қорғауға бағытталған сапалы құжат екенін атап өтті.

– Бүгінгі басқосу ауыл шаруашылығы немесе жергілікті басқару мәселелерін ғана талқылайтын алаң емес. Бұл – еліміздің даму бағытын, мемлекет пен халық арасындағы өзара жауапкершілікті айқындайтын маңызды форум. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа Конституцияға қатысты пікір алмасу бір күннің немесе бір айдың шаруасы болған жоқ. Жарты жылдан астам уақыт бойы қоғамда жан-жақты талқылау өтті. 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына білікті заңгерлер, сарапшылар мен қоғам өкілдері енді. Бұл жолы шешімді өзіміз қабылдадық, комиссия құрамында шетелдік мамандар болған жоқ, – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі Президенттің азаматтарға былтыр қазан айынан бастап өз ұсыныстарын ашық айтуға мүмкіндік берілгенін атап өткенін жеткізді. eGov және eOtinish платформалары арқылы мыңдаған ұсыныс түсіп, барлығы мұқият қаралған. Комиссия жұмысы барынша ашық жүргізіліп, талқылаулар тікелей эфирде көрсетілген.

– Бұған дейін елімізде реформалар дәл осындай кең ауқымда, бүкіл халықтың қатысуымен талқыланбаған. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі. Сондықтан жаңа Конституцияны нағыз халықтық Конституция деп толық айта аламыз. Осы Ата Заңда бекітілген қағидаттарды ауылда нақты іске қалай айналдырамыз? Егер мемлекет адам үшін болса, ауылдағы әрбір тұрғынның тұрмысы, әрбір шаруа қожалығының дамуы – біздің басты өлшеміміз болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, елімізде медиаторларды оқыту бағдарламаларының тізімі бекітілді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум