Бұғаттау жүйесі енгізілгелі бері Алматыда ұялы телефондар ұрлығы азайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бұғаттау жүйесі енгізілгелі бері ұялы телефондарды ұрлау әрекеттері азайды, - деп хабарлайды бүгін Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Бұғаттау жүйесі енгізілгелі бері Алматыда ұялы телефондар ұрлығы азайды

Естеріңізге сала кетелік, Алматы полицейлері сотқа дейінгі тергеу аясында өткен жылдың желтоқсан айынан бастап, ұрланған ұялы телефондар мен басқа да мобильді құрылғыларды IMEI кодтары бойынша бұғаттауға кіріскен болатын. Бұл шараға ұялы операторлар қолдау көрсетіп жатыр.

«Содан бері қалалық ІІД бөлімшелері мен қызметтері және аудандық ІІБ тарапынан ұялы байланыс операторларына мобильді құрылғыларды бұғаттау бойынша 700-ден астам арыз жіберілді. Бұл іс-шара телефон иесінің жазбаша келісімі негізінде жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, тағы бір айта кететін жәйт, осы шараның арқасында ұрланған ұялы телефондар және басқа да мобильді құрылғылар материалдық құндылығынан айрылады. Біз бұған дейін  болжам бойынша алғашқы кезеңде ұялы телефондардың ұрлануын 25 пайызға төмендетуге болады деген болатынбыз. Бұл көрсеткішке қаңтар айының алғашқы онкүндігінде-ақ қол жеткізілді. Ал қазір бұл көрсеткіш - 32 пайызды құрайды», - деді өз сөзінде Алматы қалалық ІІД Криминалды полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Жанболат Зиадин.  

Сондай-ақ, полиция бөліміндегілер қылмыстың бұл түрін азайту мақсатында жаңа технологиялардың қолданылып жатқандығын жеткізді. Жалпы - IMEI код бойынша ұялы байланыс қызметін  уақытша тоқтату - өте ұтымды шара. Түркия, Аустралия, Франция, Германия, Украина және Еуропаның басқа да елдерінде бұл шара кеңінен қолданылады. 

«Бұл жобаны бастамас бұрын Алматы қ. ІІД ұялы операторлармен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Сол меморандум аясында бірлесе әрекет жасаудың тиімді әдісі қолданылды. Қалалық прокуратурамен бірлесе отырып, осы бағытта жұмыс істеудің бірыңғай алгоритмі әзірленді. Мысалы, мобильді құрылғысы ұрланған азаматты жәбірленуші деп мойындау туралы қаулы шыққан соң, ішкі істер органдары телефон иесіне ұялы байланыс операторларының атына IMEI код бойынша абоненттік құрылғының жұмысын уақытша тоқтату, яғни бұғаттау туралы арыз жазу керектігін және оның мүмкін болар салдарын түсіндіреді. Әрбір арызға тергеушіден ілеспе хат тіркеледі. Ол ұялы телефонның ұрланғанын және оған жәбірленушінің меншік құқығының бекітілгендігін растайды.     

Ал ұялы байланыс компаниялары өз кезегінде мобильді құрылғыны бұғаттау туралы арыз қабылданған соң, нақты себептерін көрсете отырып, ішкі істер органдарына ұялы телефонның бұғатталған немесе бұғатталмағаны жөнінде хабарлама жібереді», - деді Ж. Зиадин.