Бүгін әлемдегі перинаталды орталықтар күлгін түспен жарықтандырылады
17 қараша – Халықаралық шала туған балалар күні. СҚО перинаталды орталығы мамандарының пікірінше, бұл күнді атап өту қажет. Өйткені шала туған сәбилерді күтіп, қатарға қосудың көп қиындығы бар.
«Неліктен бұл күнді атап өтеді? Мақсат – жұртшылықтың назарын осы мәселеге аудару. Статистикаға сүйенсек, әлемде жыл сайын 15 млн бала шала туады екен. Бірақ соның үштен бірі ғана үш жасқа дейін жетеді. Ауруханадан шығарғаннан кейін де бұл балалар бақылауда болады.
Біздің перинаталды орталықта 500 граммға дейінгі салмақта 3 бала өмірге келді. Екі қыз және ұл бала. Оларды аман алып қала алдық. Қазір олар 2,5 және 3 жаста. Аман-есен өсіп келеді», - дейді облыстық перинаталды орталықтың неонатология бөлімшесінің үйлестірушісі Наталья Салохина.
Петропавлдағы перинаталды орталық елімізде алғашқылардың бірі болып 1991 жылы ашылды. Қазір мұнда бірнеше бөлімше бар, соның бірі шала туған сәбилерге арналған.
Мамандардың айтуынша, ашылғаннан бері жансақтау бөлімшесінде мерзімінен бұрын дүниеге келген 2270 бала ем алған. Соның ішінде 290 шақалақтың дене салмағы экстремалды кішкентай болған.
«Экстремалды дене салмағы деп – салмағы 1 кг дейінгі балаларды айтамыз. Олар анасының құрсағында жатып, әлі де дамуы керек еді, бірақ бір себептермен ерте дүниеге келгендер. Мұндай шақалақтар өздігінен дем ала алмайды. Мамандарымыз олардың жетілуіне қажет бар жағдайды жасайды, өкпені жасанды желдету аппаратына қосады, инкубаторға орналастырады. Ол жерде белгілі бір температура мен ылғалдылық болуы тиіс. Біздің дәрігерлер мен медбибілердің жұмысы оңай емес, олар күнделікті бұл көрсеткіштерді бақылап отырады», - дейді Наталья Салохина.
Жақында мерекеге орай орталық «Менің қалай өскенімді көрсет» атты акция ұйымдастырды.
«Біз бұл акцияға соншама көп адам қатысады деп күтпеген едік. Аналар балаларының суреттерін жариялап, біздің медициналық қызметкерлерге алғыстарын айтып жатыр. Ең бастысы ананың дұрыс ойлауы, позитивті көзқарасы. Сонда ғана нәтиже күтуге болады.
Жалпы, бала сүйгісі келетін жұп, дені сау ұрпақты өмірге әкелуі үшін алдымен өз денсаулықтарын дұрыстағандары жөн. Яғни жауапкершілік болуы тиіс. Мерзімінде тексерістен өтіп тұру, дәрігердің кеңесіне құлақ асу», - дәрігер.
Биыл СҚО-да салмағы 1,5 келіге дейін салмақпен 56 сәби дүниеге келді.
«Баланың күні жетпей өмірге келуінің бірнеше себебі бар. Оның 30% ананың денсаулығына байланысты. Әйелде қан қысымы жоғары болса, созылмалы аурулары, қант диабеті болса ерте босануы мүмкін. Кейбірі екіқабат кезінде ауруға ұшырауы мүмкін. Өйткені әйелдің ағзасы жүктілік кезінде екі адам үшін жұмыс істейді», - Наталья Салохина.
Жалпы бұл күні әлемдегі барлық перинаталды орталық күлгін түспен жарықтандырылады. Бұл түс арнайы шала туған сәбилердің түсі ретінде таңдап алынған. Облыстық перинаталды орталық та бұл акцияға қосылмақ.