Бүгін Алматы маңында халықаралық эко-фестиваль басталды

«FourЭ» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған бұл фестивальде әр түрлі шығармашылық, спорттық, білім беру және экологиялық бағдарламалар жүзеге асырылады.
«Қонақтар алыс және жақын шетелдерден келеді. Жалпы фестивальге 5 мыңнан 10 мың адамға жуық қонақтар қатысады деп күтілуде. Мұнда күндізгі және кешкі концерттер ұйымдастырылады. Келушілер үш күн бойы емін-еркін ашық аспан астында палаткаларда өмір сүреді. Азық-түлікті, палатканы адамдар өздерімен бірге алып келулеріне немесе осы жерде-ақ сатып алуларына болады. Палаткаларды мұнда жалға алуға да мүмкіндік бар», - деді ҚазАқпарат тілшісіне берген ақпаратында фестивальдің ұйыдастырушы комитетінің өкілі волонтер Софья.
Фестиваль Art, Экокеңістік, Музыка қаласы, Театрлар қаласы, Body & Mind, Fit & Dance, Балалар қалашығы, Эzoterra, Energy, Hand Made секілді түрлі алаңшаларға бөлінген. Бұларды фестиваль ішіндегі фестивальдер деуге де болады.
Сонымен қатар фестиваль барысында йога, фитнес, психология және билер бойынша 100 астам тегін шеберлік сыныптары өткізіледі. Әлемнің түпкір-түкпірінен 10 астам музыкалық топтар келіп, фестиваль сахнасында этникалық музыкадан концерттер береді. Фестивальдің атауы ағылшынның «four» - 4 деген санын білдіреді. Ол «Э» әрпінен басталатын 4 сөзді қамтиды. Олар: экология, этника, эмоция және эволюция. Фестиваль қонақтарының бірі - Мұхтар Гугенгаджиев әлемдегі ең икемді, ең иілгіш адам ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енген. Сонымен қатар ресейлік әнші Сати Казанова да келеді деп күтілуде. Фестиваль 22-24 тамыз аралығында Алматыдан 40 шақырым жердегі Қарғалы кентінің «Ақерке» балалар лагерінде өтеді. Оған баратын автобустардың жүру кестесі ecofest.kz сайтында көрсетілген.