Бүгін белгілі жазушы Асқар Сүлейменовтің туған күні

Тірі болғанда жазушы 78 жасқа толар еді.
Асқар Сүлейменов 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. «Жұлдыз», «Парасат» журналдарында, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақстан Жазушылар одағында, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрда қызмет еткен. Оның «Бесін», «Адасқақ», «Бесатар» прозалық шығармалары, «Арғымақ пен шабандоз», «Кек» драмалық жинағы, «Парасат падишасы», «Болмыспен бетпе-бет» сыни-эстетикалық еңбектері, әдебиет пен өнер турасында жүзден астам мақалалары жарық көрген.
А.Сүлейменовтің «Бесін» кітабы туралы Ғабит Мүсірепов «Жаңаша жазушы, жазуға жаңалық кіргізер жазушы келе жатыр. Тек Асқарды сыдыртып оқымай, ішке түйе оқу керек», деп мақала жазған. Жазушының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен Созақ көтерілісі туралы «Бесатар» повесін де әдебиетшілер жоғары бағалаған. Соңғы жарық көрген «Шашылып түскен тіркестері» де қоғамда резонанс тудырған шығарма болды. Жазушы 1992 жылы ауруханада көз жұмды.
Асқар Сүлейменовтің есімі Созақ ауданындағы өзі оқыған мектепке, Сарыағаш қаласындағы бұрынғы Ильич атындағы мектепке берілген. 2011 жылы Созақ ауданындағы А.Сүлейменов мектебіне жазушының ескерткіші орнатылды.