Бүгін бірқатар алматылықтар мемлекеттік марапаттармен ұлықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Тәуелсіздік күнінің құрметіне орай қала тұрғындарына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан мемлекеттік марапаттар ұсынды.
None
None

Қала басшысы алматылықтардың мемлекет алдындағы сіңірген еңбектерін, белсенді қоғамдық қызметтерін, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани-патриоттық дамуына қосқан үлестерін ерекше атап өтті. «Қазақстан Президенті өз Жарлығымен еліміздің еңбек сіңірген азаматтарын жоғары мемлекеттік марапаттармен ұлықтады. Марапатталғандардың барлығы әр түрлі мамандықтардың өкілдері. Бірақ барлығымызды өз мамандығымызға, қаламызға және Отанға деген адалдық біріктіре түседі», - деді өз сөзінде А.Есімов. 2014 жылы мемлекеттік марапатқа ие болғандардың тізімі жаңа тұлғалармен толықты. «Парасат» орденіне Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры Нариман Қаражігітов пен Алматы қалалық Мәслихатының депутаты Әділмырза Маралов ұсынылды. Сонымен қатар 27 азамат «Құрмет» орденімен, 23 алматылық «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал бес адамға «Шапағат» медалі табыс етілді. Одан басқа, Болат Нұрахметов пен Ғалымбек Тоқтаубаев Чернобыль атом электр стансасында болған апатты жоюда сіңірген еңбектері мен көрсеткен ерліктері үшін «Ерлігі үшін» медаліне ие болды. Сондай-ақ Мемлекеттік қуыршақ театрының жетекшісі Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек пен Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның директоры Мұхтар Өтеуов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» жоғары атақтарымен марапатталды. Оларға қоса, қаланың 9 азаматына Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ осы күні қала басшысы бірқатар мемлекеттік қызметкерлерді де марапаттады.

Соңғы жаңалықтар